Қызылжар ауданында оқушылар есірткі жарнамасына қарсы күреске атсалысуда
Қызылжар ауданының Бескөл ауылында интернет-дүкендер арқылы есірткі сату жарнамаланған граффитилерді анықтап, жоюға бағытталған акция өтті. Іс- шараға жергілікті төрт мектептің оқушылары қатысты, деп хабарлайды QZ News.
Акцияны аудандық полиция бөлімі мен прокуратура бірлесіп ұйымдастырды. Анықталған жазбалар бірден жойылып, ішіндегі сілтемелер бұғаттау үшін прокуратураға жолданады.
Қызылжар аудандық полиция бөлімінің жедел уәкілі Айдос Қилықешовтің айтуынша, мұндай іс-шаралар прокуратурамен, жастар бастамалары орталығымен және еріктілермен бірлесіп тұрақты түрде өткізіліп тұрады.
«Біз ақпараттық парақшалар таратып, қараусыз қалған ғимараттарды және жастар жиі жиналатын орындарды тексереміз, осындай жазбаларды анықтаймыз. Мақсатымыз — Telegram мен Instagram желілеріндегі сілтемелердің таралуына жол бермеу. Бұл арқылы балаларды есірткі қылмысының құрбаны болудан сақтаймыз», — деді Қилықешов.
Келесі рейд Новониколь ауылдық округінде өтеді деп жоспарлануда.