Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » ШҚ мен аудан әкімдігі арасындағы жер дауы бейбіт жолмен шешілді

ШҚ мен аудан әкімдігі арасындағы жер дауы бейбіт жолмен шешілді

Шаруа қожалығы мен аудандық әкімдік арасындағы ұзаққа созылған жер дауы медиативтік келісім арқылы сотта бейбіт түрде шешімін тапты. Кәсіпкерге 105 гектар жердің жалға алу мерзімін ұзартудан бас тартылғанымен, сот жер пайдалану мониторингі жүргізу барысында бұзушылықтар болғанын анықтады, деп хабарлайды QZ News.

«Ч» шаруа қожалығы 2020 жылғы 20 ақпаннан бастап 5 жыл мерзімге 105 гектар жерді уақытша өтеулі ұзақмерзімді пайдалануға (жалға) алған болатын. Мерзімі аяқталған соң, «Ч» ШҚ жалға алу мерзімін ұзарту туралы өтініш білдірген, алайда аудан әкімдігі жер пайдалану мониторингінің нәтижелеріне сүйене отырып, бас тартқан.

Мұндай шешіммен келіспеген шаруа қожалығы сотқа жүгінді.

Облыстық соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, іс қарау барысында жер пайдалану мониторингі талапқа сай жүргізілмегені анықталған. Атап айтқанда, мониторингте қоғамдық кеңес өкілдері, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы үкіметтік емес ұйымдар, Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлер ұлттық палатасы және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының өкілдері болмаған.

Бұл ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану мониторингін ұйымдастыру және жүргізу ережелеріне қайшы екенін көрсетеді. Сот тараптардың дауды бейбіт жолмен шешу мүмкіндігін түсіндіре отырып, белсенділік қағидатын қолданды. Нәтижесінде тараптар медиативтік келісімге келіп, ол сот ұйғарымымен бекітілді.

Келісім шарттарына сәйкес, аудан әкімдігі «Ч»-ның ШҚ жалға алу мерзімін ұзарту жөніндегі өтінішін қайта қарауға міндеттелді.

Shares