Солтүстікқазақстандық «Қаршығалар» Бакуде өткен «Жас құтқарушы» халықаралық жарысында күміс жүлде иеленді
Петропавлда демалыс күндері «Солтүстік Қазақстан жоғары кәсіби-педагогикалық колледжі» КМКҚ студенттерін марапаттау рәсімі өтті. «Қаршығалар» командасы Әзербайжан астанасы Бакуде өткен XI Халықаралық «Жас құтқарушы» жарысынан жүлдемен оралды. Солтүстікқазақстандықтар жарыстың күміс жүлдегері атанды, деп хабарлайды QZ News.
Қазақстан намысын қорғаған «Қаршығалар» жарыс иелері — Әзербайжан командасына небәрі бір ұпай айырмашылықпен есе жіберіп, екінші орынды иеленді. Жарысқа Қазақстан, Әзербайжан, Ресей, Беларусь және Өзбекстанның үздік командалары қатысты.
Сәтті өнер көрсетіп, жоғары дайындық деңгейін көрсеткен команданың жеті мүшесі Төтенше жағдайлар министрлігінің алғыс хаттарымен және әрқайсысы 130 000 теңгеге сертификаттармен марапатталды. Марапатты ҚР ТЖ министрі Шыңғыс Сайранұлы Әрінов өзі табыстады.
Жекелеген кезеңдерде «Қаршығалар» үздік нәтиже көрсетіп, бірінші, екінші және үшінші орындарды иеленді. Халықаралық аренада елді лайықты таныстырғаны үшін қатысушылар дипломдармен және арнайы кубокпен марапатталды.
Студенттердің жоғары деңгейде дайындалуына колледждің арнайы пәндер оқытушылары Шақабаев С.А. мен Асқарбеков Б.Э. жауапты болды.