Солтүстікқазақстандық жедел жәрдем қызметкерлері – республикалық спартакиаданың күміс жүлдегерлері
СҚО-да жедел жәрдем бригадалары арасында республикалық спартакиада өтті. Жарыс үш күнге созылды. Шараның ашылу салтанатына ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова және СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты. Ал бүгін облыстық денсаулық сақтау басқармасы сайыстың қорытындысымен бөлісті, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
Додаға еліміздің түкпір-түкпірінен 20 команда келді. Бір айта кетерлігі, облысымыз бұл жарысты алғаш рет өткізіп отыр. Бұған облыстың жедел жәрдем бригадасының 2023 жылы жеңіске жетуі негіз болды. Аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов атап өткендей, облыста бұл бағытта ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр.
“Біз өз кезегімізде шұғыл көмек көрсету үшін барлық жағдайды жасап жатырмыз. Жедел жәрдем орталығындағы санитарлы көлік 100 пайызға жаңартылды. Биыл жедел медициналық көмек көрсетудің халықаралық стандарттарын дайындайтын оқу алаңы ашылды”, – деп атап өтті өңір басшысы.
Спартакиаданың арқасында жедел жәрдем станциясының қызметкерлері әріптестерімен тәжірибе алмасып, кәсіби дағдыларын шыңдады.
Үш күндік спартакиада қорытындысы бойынша құрметті 1 орынды Абай облысының өкілдері иеленді, 2 орында – Солтүстік Қазақстан облысының бригадасы, 3 орынға Маңғыстау облысының командасы тұрақтады.
“Ақшалай сертификаттар мен естелік сыйлықтар да табысталды. ACLS станциясындағы үздік номинациясы бойынша Жамбыл облысының бригадасы марапатталды. PАLS станциясындағы үздік – Шымкент қаласының бригадасы. PHTLS станциясында Жетісу облысының мамандары үздік өнер көрсетті. Ал NRP станциясында Қызылорда облысының дәрігерлері топ жарды. Сонымен қатар, Ақмола облысының бригадасы көрермендер көзайымы сыйлығын алды”, – деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасы.