СҚО әкімі Чехия делегациясымен кездесті: инвестициялар мен Пржевальский жылқыларын қайтару мәселелері талқыланды
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Чехия Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Ян Бартошекпен және Қазақстандағы Чехияның Төтенше және Өкілетті Елшісі Павол Шепелякпен кездесу өткізді. Келіссөздің басты тақырыбы – Чехия мен СҚО арасындағы әріптестікті нығайту және кеңейту болды, деп хабарлайды QZ NEWS.
«Чехиялық бизнес өкілдерін СҚО-да жүзеге асырылатын инвестициялық жобаларға қатысуға шақырдым. Біздің өңір ашық диалог пен болашағы зор бастамаларды бірлесе іске асыруға дайын. Ынтымақтастығымыз нығая беретініне сенімдімін», – деді өңір басшысы.
Кездесу барысында Пржевальский жылқыларын Еуропа елдерінен, соның ішінде Чехиядан, тарихи отанына қайтару жобасына ерекше назар аударылды. Бұл жоба – тарихи және табиғи мұраны сақтау ісіндегі маңызды қадам, өйткені Пржевальский жылқыларының қолға үйретілуі алғаш басталған өңір ретінде Солтүстік Қазақстан, нақтырақ айтқанда Ботай мәдениеті белгілі.
Сапар аясында чех делегациясы Петропавл қаласының тарихи орындарын да аралады. Қонақтар ерекше қызығушылықпен бұрынғы зауыт аумағында сақталған казармаларды көрді. Бұл жерде бір кездері чехословакиялық легионерлер орналастырылған болатын. Кездесу қатысушыларының айтуынша, бұл тарихи орындар – ортақ тарихтың белгісі әрі халықтар арасындағы достықты нығайтатын символ.