СҚО әкімі өңірдің үш басым тұсын атады
Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте СҚО басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов журналистің сұрағына жауап бере отырып, өңіріміздің ең басым үш тұсын атады, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
Негізгі артықшылықтардың бірі – ауыл шаруашылығы. АӨК өндірісінің көлемі бойынша аққайыңдар өлкесі көптеген жылдар бойы жетекші орынға ие. СҚО-да өсімдік шаруашылығы да, мал шаруашылығы да жақсы дамыған, деп атап өтті Ғауез Нұмұхамбетов. Жыл сайын облыста заманауи сүт өндіру кешендері салынуда. Мұндай бизнесті жүргізу тәжірибесін қабылдау үшін өңірге Қазақстанның түкпір-түкпірінен мал өсірушілер келіп тұрады.
“Алысқа бармай, соңғы жылдарға тоқталсақ, СҚО-да 16 мың сүтті бағыттағы сиыр бағылатын 36 заманауи ферма пайдалануға берілді. Сүт өндіру көлемі бірнеше есеге өсті. Сонымен қатар, жыл сайын өңірде бордақылау алаңдары, құс фабрикалары және басқа нысандар салынуда. Әрине, ауыл шаруашылығы – біздің өңіріміздің басты артықшылығы”, – дейді облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
Аймақ басшысы табиғатты екінші басымдық деп атады. Біздің облыс көлемі жағынан аса үлкен емес. Алайда, көлдер саны бойынша бірінші орында. Бұл СҚО-да балық шаруашылығы дамығандығын аңғартады.
“Бүгінгі таңда біздің ең әдемі жерлеріміз туристер арасында үлкен сұранысқа ие. Шалқар-Имантау курорттық аймағы СҚО-ның інжу-маржаны болып табылады. Оған жыл сайын 87 мыңнан астам адам келеді. Онда 42-ге жуық демалыс базасы жұмыс істейді, олардың 10-ы жыл бойы қызмет көрсетеді. Бұл бағытта біз жұмысты жалғастырамыз”, – деп толықтырды облыс әкімі баспасөз мәслихатында
Үшінші басымдық – Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары. Күн сайын аймақтың және жалпы елдің игілігі үшін жұмыс істейтіндердің барлығы бұл басымдыққа кіреді.
“Адамдар – бұл біздің өңірдің алтын қоры. Бұл – жұмыс істейтін адамдар, бұл – ұрпақтар сабақтастығы. Бұл – тарихқа енген және біздің қазіргі Қазақстанның тарихын жалғайтын адамдар”, – деді өңір басшысы.