Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » СҚО-да 150-ге жуық адам қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісім берген

СҚО-да 150-ге жуық адам қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісім берген

Петропавлда көпбейінді облыстық аурухананың қабырғасында қайтыс болғаннан кейінгі ағзалық донорлықты дамыту мәселелеріне арналған семинар өтті. Оған медициналық қоғамдастық өкілдері қатысты, ал шақырылған қонақтар қатарында трансплантацияны үйлестіру және жоғары технологиялық медициналық қызметтер жөніндегі республикалық орталықтың директоры Айдар Сейітқазинов болды, деп хабарлайды QZ News тілшісі.

“2020 жылдан 2024 жылға дейінгі аралықта қайтыс болғаннан кейінгі донорлардың саны артты. Өткен жылы 7 адам тіркелді. Олардың көмегімен ҚР 19 азаматының өмірі құтқарылды. Сонымен қатар, Қазақстанда өмірдегі донорлық жақсы дамуда. Біздің еліміз қысқа қадаммен бүкіл әлемдегі тенденцияларға жақындап келеді, сондықтан өлімнен кейінгі донорлықтың маңыздылығына баса назар аударылып отыр. 2024 жылдың 9 айы ішінде ҚР-да қайтыс болғаннан кейін 6 адам донор ретінде тіркелді, біздің азаматтарымызға 23 орган қайта салынды. Бұл олардың өмірін ұзартады. Әңгіме жүрек, өкпе, бүйрек, бауыр алмастыру туралы болып отыр. Балаларға ағзаларды ауыстырып салу басымдылыққа ие, мұндай операциялар Астанада жүргізіледі”, – деді трансплантация мен жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталықтың директоры Айдар Сейітқазинов.

Қазақстанда қайтыс болғаннан кейінгі донорлықтың дамымауына адамдардың сенімсіздігі себеп, деп есептейді Айдар Сейітқазинов.

“Дәрігерлер науқастың жақындарымен сөйлескенде барлығы бірдей келісім бермейді. 9 айда шамамен 55 донормен тілдесу жүргізілді. 90% жағдайда адамдар бас тартқан. Мен айтқан барлық науқасқа ми өлімі диагнозы қойылды, кейбірінде бас сүйек-ми жарақаттары болды. Мұндай диагнозды дәрігерлер тек консилиумнан кейін қояды”, – деді Айдар Сейітқазиев.

Трансплантацияны және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталықтың директоры қайтыс болғаннан кейінгі донорлық туралы мәселе туындаған кезде туыстарының шешім қабылдамауы қажеттігін алға тартады. Айдар Сейітқазиев Қазақстанның барлық кәмелетке толған азаматының өз қалауын білдіруге құқығы бар екенін еске салды. Адамдар қайтыс болғаннан кейiнгi донорлыққа келiсiм беруге не одан бас тартуға құқылы.

“107 мың қазақстандық өз пікірін “Egov” арқылы білдірді. 100 мыңға жуық адам бас тарту жайлы қол қойды, 7 мыңға жуық адам келісім берді. СҚО-дан электрондық үкімет сайты арқылы 3 мыңнан астам таңдау түсті, шамамен 150 адам қайтыс болғаннан кейін донорлыққа келісім берді”, – деді трансплантация мен жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталықтың директоры Айдар Сейітқазиев.

Солтүстік Қазақстан облысында бүйрек, бауыр, жүрек және өкпе трансплантациясын күту парағында 104 адам бар. Олардың арасында балалар да бар.

Shares