СҚО-да алимент төлеушілер балаларына ақша төлемей, қалтадағы миллиондарды құмар ойынға құртқан
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының тапсырмасымен СҚО-да алимент төлемдері бойынша міндеттемелерді сақтау мәселесіне тексеру жүргізілді. Жергілікті прокуратурамен алиментшілер балаларына көп миллиондық қарызы бар бола тұра, букмекерлік кеңселерде құмар ойындарға үлкен ақша жұмсап, өз міндеттемелерін елемейтіні анықталды, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
“Мысалы, 4,7 млн теңге мөлшерінде алимент бойынша берешегі бар борышкер, бір жыл ішінде «1xBet» букмекерлік кеңсесіндегі өзінің аккаунтын жалпы сомасы 33,9 млн теңгеге траншпен толықтырып, көрсетілген кезеңде ұтыс нәтижесінде 14,8 млн теңгені алып шығарған. Сол сияқты, атқарушылық іс жүргізу бойынша тағы бір борышкер 1,8 млн теңге алиментін төлемей, екі жыл ішінде «Olimpbet» букмекерлік кеңсесінде 2,5 млн теңгеден айырылған”,- делінген Солтүстік Қазақстан облысы прокуратурасының хабарламасында.
6 борышкерге қатысты осындай фактілер анықталды. Борышкерлердің букмекерлік кеңселердегі операцияларының жалпы сомасы 56 млн теңгені құрады. Аталған фактілер бойынша ҚК-нің 139-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, баптың санкциясы екі жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді. Қылмыстық істерді облыс прокуратурасымен бақылауға алынды.