Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » СҚО-да боран салдарынан 80 жүк көлігі қар құрсауында қалды

СҚО-да боран салдарынан 80 жүк көлігі қар құрсауында қалды

Өткен түнде солтүстікқазақстандық полицейлердің, ТЖ және жол қызметтері қызметкерлерінің жұмысы қыза түсті. Бір-екі күн бұрын аймақта ауа температурсы көтеріліп, жаңбыр жауды, кейін күн суытып, соңы көктайғақ пен боранға ұласты. Барлық бағыт бойынша жолдар жабылды. Астана – Петропавл автожолының Тайынша ауданы арқылы өтетін учаскесі жүргізушілер үшін аса қиынға соқты, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.

Ауыр жүк көліктері қатты жел мен көктайғақтың салдарынан дөңес учаскелерге көтеріле алмады. 27 желтоқсанда таңертең бұл жерде 80-ге жуық жүк көлігі жиналып қалды. Мамлют ауданында Қостанай қаласынан Петропавл қаласына ауыл шаруашылығы техникасының қосалқы бөлшектерін тасымалдап келе жатқан Volvo жүк көлігінің тіркемесі жолдан шығып кетті. Тіркемені шығарып алу үшін қажетті жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Облыс аумағында бір түнде барлығы 7 автокөлік осындай жағдайға тап болды, олардың барлығы шығарып алынды. Жабық жолдарда барлығы 159 жүк және 132 жеңіл көлік тұрып қалды.

Полицейлер мүдделі қызметтер мен мемлекеттік органдардың қызметкерлері 240-тан астам адамды шығарып алды, біреулерін жылыту орындарына жеткізді. Қол созым жер көрінбейтін қарлы боранда полицейлер елді мекендерге 30-40 машинадан құралған 7 автокөліктер легін жеткізді. Мамлют ауданының орталығы Мамлютка қаласындағы білім беру мекемелерінің біріне тамақтанып, жылыну үшін 80-нен астам адам орналастырды. Олардың қатарында Ресейден Тәжікстанға транзит арқылы кетіп бара жатқан автобустың 70 жолаушысы да болды, оның 17-сі бала.

“Сондай-ақ облыс жолдарында ұсақ екі жол-көлік оқиғасы тіркелді, ешкім зардап шекпеді. Жүргізушілерден ТЖ қызметінің хабарламаларын бақылап отыруды, жолдардың жабылуына дайын болуды сұраймыз. Қозғалысты шектеу туралы талаптарды орындамау ҚР ӘҚБтК-нің 667-бабы бойынша жауапкершілікке әкеп соғатынын еске саламыз. Қысқы жолдарда жылдамдықты кенеттен арттырмаған және тежегішті бірден баспаған жөн. Өте қажет болмаса, басып озу маневрін жасамаған абзал. Қауіпсіздік белдіктерін пайдалануды ұмытпаңыздар. Қазіргі уақытта өңірде ауа-райы тұрақталып келеді, жолдар қар үйінділерінен тазартылғаннан кейін көлік қозғалысын жандандыру жоспарланып отыр”, – дейді СҚО ПД патрульдік полиция батальонының командирі Уәлихан Оразалин.

Shares