СҚО-да кәсіпорын жұмысшылар алдындағы 33 млн теңге жалақы қарызын өтеді
2024 жылдың 6 айында мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы облыстағы кәсіпорындар мен ұйымдардың қызметіне қатысты 176 тексеру жүргізген. Нәтижесінде еңбек заңнамасын бұзудың 121 фактісі анықталды, оның ішінде еңбек қатынастары бойынша – 90, еңбек қауіпсіздігі бойынша – 31, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Жұмыс берушілерге анықталған бұзушылықтарды жою туралы 67 ұйғарым жазылды. Сонымен қатар, 63 лауазымды және заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 11,2 млн теңге айыппұл арқалады.
Ағымдағы жылдың басынан бері мемлекеттік еңбек инспекторлары 251 қызметкерге жалпы сомасы 63,2 млн теңге көлемінде жалақы берешегін анықтады. Жалақы төленбеуіне байланысты өңірдегі 33 кәсіпорынға 2 мың АЕК көлемінде айыппұл салынды
«2023 жылдың қараша айында мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы өкілдері «ҚазСтройТрейд» ЖШС жоспардан тыс тексеру жүргізді. Оның нәтижесінде 2023 жылдың шілде-қыркүйек айлары аралығында 61 жұмыскерге 33 млн теңге көлемінде қарыз бары анықталды. Соттың 2023 жылғы 27 қарашадағы қаулысымен ЖШС ӘҚБтК 462-бабының 1-бөлігімен әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ғ.Мүсірепов аудандық полиция бөлімі «ҚазСтройТрейд» ЖШС қатысты ҚР ҚК 152-бабының 3-бөлігімен қылмыстық іс қозғап, сотқа жолдады. 2023 жылдың 22 желтоқсанында сот отырысы өтіп, оның нәтижесінде «ҚазСтройТрейд» ЖШС басшысына 200 АЕК көлемінде айыппұл салынды», – деп хабарлады СҚО бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы.
Басқарманың мәліметінше, бұл мәселені шешу үшін «ҚазСтройТрейд» ЖШС өкілдерін шақырумен 2023 жылдың қазанында және 2024 жылдың наурызында аудандық үшжақты комиссияның отырыстары өткен. Отырыстардың нәтижесінде жұмысшыларға еңбекақы төлеу бойынша қарыздар толық жабылған.