Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » СҚО-да кене қаупі күшейіп бара жатыр

СҚО-да кене қаупі күшейіп бара жатыр

82 адам, оның ішінде 20 бала. Солтүстік Қазақстан облысында осынша адам кене шағып алғаннан кейін дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Бұл – негізінен облыс орталығының, сондай-ақ Айыртау ауданының тұрғындары, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.

“Қауіпті маусымның басынан бастап кене энцефалиті бойынша бірінші қалалық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесіне 7 науқас түсті. Олардың бірі ауруханаға жатқызылды. Сондай-ақ, кене риккетсиозына қатысты 3 жағдай тіркелді. Жүгінген жандардың біреуі ауруханаға жатқызылды, екеуі амбулаториялық емделуге жіберілді”, – деді СҚО штаттан тыс бас эпидемиологы Вероника Василишина.

Адамдарға өздері тіркелген емханаларда кене инфекцияларына қарсы вакцинация жүргізіледі. Санитарлық дәрігерлер алдын-алу мақсатында аймақтағы ең қауіпті учаскелерді өңдейді.

“Мемлекеттік тапсырыс аясында биылғы 16-18 сәуір аралығында Айыртау ауданында кенеге қарсы дезинсекциялық іс-шаралар өткізілді. Нақтырақ айтсақ, аудандағы Айыртау және Лобаново ауылдарында дезинсекциялық іс-шаралар ұйымдастырылды. Бұл – биылғы жылы өткізілген алғашқы кезең. Екінші кезең қыркүйек айына жоспарланған”, – деді СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы Гүлида Джакеева.

Shares