Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » СҚО-да көкөніс қоймасы, жарма зауыты және саңырауқұлақ фермасы салынады

СҚО-да көкөніс қоймасы, жарма зауыты және саңырауқұлақ фермасы салынады

“Солтүстік” ӘКК АҚ Солтүстік Қазақстан облысы үшін маңызды жобаларды іске асыруға қарыз беретін болды. Олардың ішінде жарма зауыты, саңырауқұлақ фермасы, көкөніс қоймасы, асыл тұқымды қой өсіру бар, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.

Акционерлік қоғамға қарасты баспасөз қызметінің мәліметінше, ең ірі жоба – Петропавлдағы “EcoGlade” ЖШС саңырауқұлақ фермасының құрылысы. Құны 4,9 млрд теңге, оның 3,5 млрд теңгесі – “Солтүстік” ӘКК АҚ арқылы рәсімделген қарыз қаражат. Саңырауқұлақтар мен саңырауқұлақ өнімдерін өндіру және өңдеу жөніндегі кешеннің қуаттылығы жылына 1,2 мың тонна саңырауқұлақты құрайды, бұл – Қазақстан нарығы көлемінің төрттен бірі.

“Agro GRAIN SK” ЖШС Петропавлда қуаттылығы сағатына 800 кг дейін жететін дәнді және дәнді-бұршақты ауыл шаруашылығы дақылдарын қайта өңдеу кәсіпорнын салады. Жарпа цехы жасымық, жүгері, бұршақ, арпа және бидай жармаларын шығарады. Инвестор жергілікті өндірісті жылына 2,9 мың тоннаға ұлғайту есебінен өңірдің жармаға деген ішкі қажеттілігін қанағаттандыруға ниетті. “Солтүстік” ӘКК АҚ арқылы қарыз 64 млн теңгені құрады”,-деп хабарлады бейінді баспасөз қызметі.

Ал “AMANAT” ШҚ Тайынша ауданында еділбай тұқымды асыл тұқымды қой өсіретін болады. Кәсіпкер бес мың бас мал мен қажетті ауыл шаруашылығы техникасы мен жемшөп дайындау жабдығын сатып алуға 500 млн теңге мөлшерінде жеңілдікті шарттармен қарыз алады. Жемшөп дайындау және мал жаю үшін шаруашылықта жер бар. Өндіріс өнімі – асыл тұқымды мал басы мен қой еті. Фермерлер жобаны іске асыру жылына 5-тен 36 тоннаға дейін ет өндіруге мүмкіндік береді деп есептейді.

“Сақтау көлемі 4,5 мың тоннаны құрайтын көкөніс қоймасын салу жобасын Қызылжар ауданында “Агрос” шаруа қожалығы жүзеге асыруда. “Солтүстік” ӘКК АҚ 300 млн теңге көлемінде қарызды мақұлдады. Қаражат көкөніс қоймасын салуға және қажетті технологиялық жабдықты сатып алуға жұмсалады. Жобаны іске асыру өңірде ұзақ мерзімді сақтау алаңдарымен қамтамасыз етуді 12,7%-ға арттыруға мүмкіндік береді”,-деді “Солтүстік”ӘКК АҚ баспасөз қызметінде.

“Солтүстік” ӘКК кредиттеу және жобаларды басқару департаментінің басшысы Олжас Сағандықов барлық инвестициялық жобалар үшін қарыз беру шарттары бірдей екенін айтты.

“Қаржы-экономикалық негіздемеде көзделген қарыздарды беру шарттары: негізгі борышты өтеу бойынша жеңілдікті кезең – 24 ай. Жылдық мөлшерлеме – 4%, ал  мерзім – 8 жыл. Кредиттік процес және жобаларды конкурстық іріктеуді ұйымдастыру бірнеше кезеңнен тұрады. Қарыз беру туралы шешім қабылдағанға дейін қарыз алушының оны уақтылы және толық көлемде қайтару және сыйақы төлеу қабілеті бағаланады. Қарыз алушының міндеттемелерді уақтылы және толық орындауын қамтамасыз ету қарыз берудің міндетті шарты болып табылады. Конкурсқа қатысатын кәсіпкерлік субъектілеріне біліктілік талаптары қойылады”, – деп түсіндірді Олжас Сағандықов.

Бұған дейін “Солтүстік” ӘКК АҚ өңірдегі алғашқы инновациялық жылыжай кешенін салу бойынша “Зеленый Север” ЖШС жобасын қаржыландырған болатын.

Shares