СҚО-да мехбригадалар су тасқыны салдарын жою жұмыстарын жалғастыруда
Уәлиханов ауданының жедел штабы 146 үйге жауапты. Оның 115-і апатты деп танылды, яғни барлығы бұзылады. Қазіргі уақытта мехригадалар бекітілген сметаға сәйкес, 4 тұрғын үйде қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде. 29 тұрғын үйдің иесі жөндеу жұмыстарын өздері жүргізуге шешім қабылдаған, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
“Уәлиханов ауданынан 5 механикаландырылған бригада келді. 1 үй тапсырылды, 3 үйді жақын күндері тапсырамыз. Мамыр айында келдік, үйлерді бірден кептірумен айналыстық. Чернышевский көшесі, 8 мекенжайы бойынша орналасқан осы үйге 5 күн бұрын кірдік. Жақында мұнда иелер кіреді”, – деді Уәлиханов ауданының сәулет, құрылыс, ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Нұрболат Ғаббасов.
Галина Морева жолдасының ата-анасынан қалған үйде – Ойқала шағын ауданында 30 жыл тұрады. Үй иесінің айтуынша, үйге су тарихта алғаш рет кірген. Баспана қатты зақымданды, бірақ құлаған жоқ. Нәтижесінде комиссия баспананы қалпына келтіру керек деп шешті. Уәлиханов ауданының мехбригадасы үй-жайда кептіру және бөлшектеу жұмыстарын жүргізді, қазіргі таңда жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Әйел мамандардың жұмысына риза. Ол көрсетілген көмек үшін мемлекетке шын жүректен алғысын білдірді.
“Мұндай тасқын ешқашан болған емес. Соңғы 100 жылда тіркелмеді. Біз зардап шектік. Мемлекет бізді далада тастамады. Біздер үшін қомақты ақша бөлінген. Біз өте қуаныштымыз. Барлық адамдарға зор алғыс білдіремін”, – деді шағын аудан тұрғыны Галина Морева.
Ойқала шағын ауданында 1 380 үй су астында қалды. Жоспарланған қалпына келтіру жұмыстарын мехбригада мамандары тамыз айының басына дейін аяқтауды жоспарлап отыр.