Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » СҚО-да пара алған аудандық білім бөлімінің басшысы ұсталды

СҚО-да пара алған аудандық білім бөлімінің басшысы ұсталды

Жексенбі күні Egov.press телеграмм-арнасында Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев ауданы білім бөлімінің басшысы ұсталғаны және оның қарамағындағы адам жауап алғаннан кейін өз-өзіне қол салғаны туралы ақпарат пайда болды. Журналистер бұл хабарламаға байланысты бірден сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке, прокуратураға және полицияға жүгініп, түсініктеме беруді сұрады, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі Ratel.kz. ИБ сілтеме жасап.

БАҚ өкілдері жалпы чатта және жеке-жеке сан мәрте жазып, хабарласып, ең болмағанда қарапайым ақпарат беруді сұрады. Бірақ ведомство өкілдері күн ұзаққа тіл қатпады.

Алғашқы жұмыс күнінің соңына қарай СҚО журналистері прокуратураға топпен келді, бірақ көңіл қуантарлық нәтиже болмады. Содан кейін олар сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке барды. Мұнда тілшілерге мән-жайды баяндайтын адам табылды.

 – СҚО бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мердігер ұйымның делдалынан 1,2 млн теңге сомасында пара алу фактісі бойынша Тимирязев ауданы білім бөлімінің басшысына қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр, – деп хабарлады СҚО бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының бірінші орынбасары Айдос Жүнісов. – Мердігер ұйым осы ауданда құрылыс жұмыстарын, дәлірек айтсақ, екі мектепті күрделі жөндеуден өткізді. Және орындалған жұмыстардың актісіне қол қойылды. Осы үшін пара ұсынылған. Күдіктілер – пара алушы да, пара беруші де тергеу сотының санкциясымен қамауға алынды. ҚР ҚІЖК-нің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етілмейді. Істі тергеу аяқталғаннан кейін біз ақпарат береміз.

 – Сіздердің мамандар жауап алуға орынбасарды немесе  шаруашылық меңгерушісін шақырғаны рас па? Содан кейін олардың бірі өзін-өзі өлтірді ме? – деп сұрады журналистер.

 “Мен тағы да айтайын, 201-бапқа сәйкес, басқа ақпарат жария етілмейді”, – деді спикер. – Егер суицид фактісі болса, онда ол ҚР ҚК 105-бабына сәйкес тіркелуі тиіс (“суицидке дейін жеткізу”). Бұл бап бойынша полиция органдары тергеп-тексеру жұмысын жүргізеді. Яғни, басқа органдар тергеп-тексеретін қылмыстық істер бойынша түсініктеме беруге немесе қандай да бір мәлімет беруге құқығым жоқ.

Бейресми дереккөздерге сүйенсек, аудан орталығында суицид болған, тіпті суицид жасалатындығы туралы жазба да бар. Бірақ полиция дүйсенбі күні бұл жайтқа жатысты ешқандай ақпар бермеді. Себебі, кез-келген ақпарат прокуратураның рұқсатымен жария етіледі.

Ал осы уақытта әлеуметтік желілерде сан түрлі мәлімет жазылды. Жағымды да, жағымсыз да бар.

Көптеген пікір қалдырушы бөлім басшысы туралы оң пікір жазды: “ол бүкіл саналы өмірін – 33 жылын білімге арнады. Ақылды, әдепті адам, өте жауапты және қатал жетекші”. Қарама-қайшы тарап болса, біреулер мұғалімдерге жағымды пікірлер жазу туралы тапсырма берілді деп санайды. Көбісі тергеуде ақ пен қара ажыратылады деп есептейді.

Shares