Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » СҚО-да полиция аудандық білім бөлімі қызметкерінің өз-өзіне қол салу фактісі бойынша тергеу жүргізуде

СҚО-да полиция аудандық білім бөлімі қызметкерінің өз-өзіне қол салу фактісі бойынша тергеу жүргізуде

Солтүстік Қазақстан облысында Антикор жауап алғаннан кейін аудандық білім бөлімінің қызметкері өз-өзіне қол салған. Бұл жайтқа қатысты қосымша дерек Астанада өткен брифингте айтылды, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен ұсталған бұрынғы бөлім басшысының қарамағында жұмыс істеген тұлға іске куәгер ретінде қатысқан. Ол Антикордағы жауап алудан кейін өз-өзіне қол салыпты.

“Солтүстік Қазақстан облысында қылмыстық іс бойынша сотталушының қарамағындағы қызметкердің өзіне қол жұмсағаны белгілі болды. Ол тергеуге куәгер ретінде қатысты. Сондай-ақ облыс бойынша оның емін-еркін жүріп-тұруына шектеу қойылмаған еді. Полиция суицидке итермелеу дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр”, – деп мәлімдеді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Арман Тілеукенов.

Сондай-ақ, ол куәгердің қайтыс болуына байланысты полиция ҚР ҚК-нің 105-бабы “Суицидке дейін жеткізу” бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатқанын айтты.

Айта кетейік, облыстық прокуратура да, полиция департаменті де төрт күннен бері СҚО аудандық білім бөлімі қызметкерінің өз-өзіне қол жұмсау фактісіне қатысты түсініктеме берген жоқ.

Естеріңізге сала кетейік, жексенбі, 21 қаңтар күні Еgov.press телеграмм-арнасында Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев ауданының білім бөлімі басшысы ұсталғаны және оның қарамағындағы адам жауап алғаннан кейін өзін-өзі өлтіргені туралы ақпарат пайда болды. СҚО бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметте кейін хабарлағандай, Тимирязев ауданы білім бөлімінің басшысы мердігер ұйымның делдалынан 1,2 млн теңге сомасында пара алған. Осы факті бойынша да қылмыстық іс қозғалды.

 

 

Shares