Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » СҚО-да қызылша ауруының 28 фактісі анықталды

СҚО-да қызылша ауруының 28 фактісі анықталды

2023 жылдың басынан бастап Қазақстанда қызылша ауруының 11 057 жағдайы тіркелді, оның 83% – 14 жасқа дейінгі балалар, 2,7% – жасөспірімдер, ал 13,8% – ересектер арасында. Қызылша ауруы барлық өңірде, соның ішінде СҚО-да тіркелді, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.

“Сырқаттанушылық вакциналанбаған балалар есебінен тіркеледі. Ұл-қыздардың басым бөлігі ата-аналардың бас тартуына байланысты екпе алмаған”,-дейді санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаев.

Облыста қызылшаның зертханалық расталған 28 жағдайы тіркелді. Өткен жылдың осындай кезеңінде бірде-бір факті анықталған жоқ.

“2 қарашадағы жағдай бойынша 4 адам стационарлық ем қабылдауда. Қызылшаның расталған жағдайларының ішінде 3 импорттық жағдай тіркелді. Жас құрылымы бойынша 14 жасқа дейінгі балалар арасында ең көп жағдай тіркелді – 18 жағдай”, – деп толықтырды Жұматаев.

Алдын алудың бірден-бір пәрменді шарасы вакцинация болып табылатынын ескере отырып, қызылшаның одан әрі таралуын болдырмау үшін Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері қызылшаға қарсы іс-шараларды жүргізу туралы қаулыға қол қойды.

6 қарашадан бастап елде қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы қосымша жаппай иммундау басталады.

 

 

Shares