СҚО-да сенаторлар ішкі көші-қон мәселелерін талқылады
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшелері Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келді, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Басты мақсат – «Демографиялық өсім – ұлттың бәсекелестік артықшылықтарының негізі» тақырыбындағы үкімет сағатына дайындық барысында ішкі көші-қон мен қандастар көші-қонын реттеу мәселелерін талқылау. Сапар барысында сенаторлар қоныс аударғандармен кездесіп, олардың мәселелерін шешудің тетіктерін талқылады.
Сондай-ақ, сапар барысында меймандар өңірдегі бірқатар әлеуметтік маңызды нысанды аралады. Депутаттар Мамлют аудандық ауруханасында, мектептерде, аутизммен ауыратын балаларға қолдау көрсету орталығында және басқа да жерде болды.
«Біз үшін өңірдегі демографиялық жағдаймен, халықтың көші-қоны саласындағы қолданыстағы заңнаманың әлеуетімен, ішкі көші-қонды реттеу тетіктерімен және қоныс аударғандарға мемлекеттік көмек көрсету жұмыстарымен танысу маңызды. Біз сондай-ақ қандастарды жұмысқа орналастыру, оқыту, қоғамдық өмірге қосу, олардың бейімделу тиімділігін арттыру мәселелерін талқылағымыз келеді», – деді сенатор Нұртөре Жүсіп.