СҚО-да учаскелік инспектор өртеніп жатқан үйден адамды құтқарып қалды
13 маусымға қараған түні Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданына қарасты Кладбинка ауылында жеке үйден өрт шықты. Учаскелік полиция инспекторының жедел әрекетінің арқасында бір адам ажалдан аман қалды, деп хабарлайды QZ News.
Түнгі сағат 01:40 шамасында кезекші тексеріс жүргізіп жүрген учаскелік инспектор Азат Ануарбек Мира көшесіндегі үйлердің бірінен өрт шыққанын байқайды. Сол сәтте көршілерден де қоңыраулар түсе бастайды.
Полиция капитаны Азат Ануарбек оқиға орнына дереу жетіп, үйдің шатыры мен кіреберіс есігін жалын шарпығанын көреді. Үйде 53 жастағы ауыл тұрғыны тұратынын білетін инспектор, өрт арасынан оның көмек сұраған дауысын естиді. Учаскелік инспектор бірден терезені сындырып, түтінге толған үйге еңбектеп кіріп үйдің түкпіріндегі бөлмеден сасқалақтап қалған ер адамды тауып алып, оны терезе арқылы сыртқа шығарады. Көршілер екеуін терезеден сыртқа шығарып көмектеседі.
Көп ұзамай жеткен өрт сөндірушілер жалынды толық сөндірді. Үй иесіне медициналық көмек қажет болмады. Есін жиған ол полицейге батыл қадамы үшін шын жүректен алғысын білдірді.
«Шынымды айтсам, қорқыныш болды, бірақ оны мен кейін сезіндім,- децді Азат Ануарбек. – Ол сәтте қорқуға уақыт болмады. Мен бұрын адамдарды құтқарып үлгермеген жағдайларды көргенмін. Бұл жолы қайғылы жағдайға жол бергім келмеді».
Полиция капитаны Азат Ануарбек ішкі істер органдарында 2016 жылдан бері қызмет етіп келеді, ал 2018 жылдан бері учаскелік инспектор болып жұмыс істейді. Ол халық арасында сенімге ие мамандардың бірі.