СҚО-да «Жас сақшы» құқық қорғау бағытындағы кезекті сынып ашылды
Петропавл қаласындағы №17 Ұлттық жаңғыру мектеп-кешенінде «Жас сақшы» құқық қорғау бағытындағы сынып өз жұмысын бастады. Бұл сынып ҚР ІІМ жобасы аясында құрылды. Оның құрамына 6 және 7-сыныптардан 30 оқушы енді, деп хабарлайды QZ News СҚО ПД-не сілтеме жасап.
«Жас сақшы» сыныптарының басты мақсаты – балаларды болашақта күштік құрылымдарда қызмет етуге даярлау. Оқушыларға арнайы дайындық, тәртіп, көшбасшылық қасиеттерді дамыту, физикалық төзімділік пен отансүйгіштікке тәрбиелеу бағытында сабақтар өткізіледі. Сонымен қатар, бұл білім мен дағдылар оқушыларға болашақ мамандығына қарамастан қажет болатыны атап өтілуде. Полицейлерден алған машықтар балаларды тек болашақ күштік құрылым өкілдері емес, жауапты әрі патриот азамат ретінде қалыптастыруға ықпал етеді.
Салтанатты шараны Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Айдын Қабдұлдинов ашты. Ол жобаға қолдау көрсеткен мектеп әкімшілігіне, мұғалімдерге және ата-аналарға алғыс білдірді. Мектеп-кешен директоры Ләззат Жалмұқанова ІІМ жобасына қатысу – білім ордасы үшін үлкен мәртебе екенін айтып, нәтижелі жұмыстың негізі – «мұғалім – бала – ата-ана» өзара байланысында екенін атап өтті.
Болашақ Отан қорғаушыларға ІІМ ардагері, интернационалист-жауынгер, Ауған соғысына қатысушы, «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері Давыд Шнайдер ізгі тілегін білдірді.
СҚО ПД мәдениет орталығының вокалдық тобының орындауындағы патриоттық әндер іс-шара көркін аша түсті. Жаңа сыныптың барлық оқушыларына полицейлер естелік сыйлықтар табыстады.
Айта кетейік, былтыр желтоқсан айында осындай сынып М. Жұмабаев атындағы IT-лицейі базасында ашылған болатын.