СҚО-дан халықаралық нарыққа қандай тауарлар жеткізіледі
Статистикалық мәліметтерге сәйкес, өткен жылы өңір экономикасының өсімі 120%-ды құрады. Солтүстік Қазақстан облысы ел өңірлері арасында бірінші орынға шықты. Экономиканың өсуі инвестициялық жобаларды іске асыру нәтижесінде, соның ішінде Ұлттық жоба тізіміне енген жобалардың арқасында мүмкін болды. СҚО-дағы жобалар, экспорт пен импорт туралы облыстық экономика басқармасының басшысы Қуанышбек Қалижанов QZ News агенттігіне айтып берді.
Спикердің айтуынша, былтыр жалпы құны 32,8 млрд теңге болатын 15 жоба іске қосылды. Жаңа нысандардың іске қосылуы және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың жаңғыртылуы есебінен ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 35,9%-ға өсіп, 936 млрд теңгені құрады.
«Мал шаруашылығы өнімінің көлемі 1,5%-ға артты. Сүт өндірісі – 6,3%-ға, жұмыртқа – 6,1%-ға өсті. Өңдеу өнеркәсібінде 598 млрд теңгеге өнім өндіріліп, 6,1%-ға өсті. Құрылыс саласында орындалған жұмыстар көлемі 31,4%-ға ұлғайып, 221 млрд теңгені құрады. Тауарлар мен қызметтерді өткізудің жалпы көлемі 990 млрд теңгені құрап, 109,6%-ға өсті», – деді Қуанышбек Қалижанов.
Экспортқа келер болсақ, облыс әлемнің 80-нен астам елімен сауда қатынасын орнатып отыр. Өңірдің негізгі сауда-экономикалық серіктестері – Ресей, Германия, Қытай, Өзбекстан, Ауғанстан, Тәжікстан, Польша, Қырғызстан және Түркия. 2024 жылы сыртқы сауда айналымы 1,3 млрд АҚШ долларын құрап, соңғы 5 жылда 1,6 есе өсті.
«Бұл ретте экспорт 1,7 есеге артты. Импорт көлемі – 861,6 млн АҚШ долларын құрады. Импорт пен экспорттың негізгі бөлігін келесі тауарлар құрайды: мал және өсімдік шаруашылығы өнімдері, дайын азық-түлік өнімдері; машиналар, жабдықтар, көлік құралдары; металдар мен металл өнімдері; ағаш, орман материалдары және целлюлоза-қағаз өнімдері; тоқыма бұйымдары. Сонымен қатар, импорттың негізгі топтарына құрылыс материалдары да кіреді», – деді СҚО экономика басқармасының басшысы.