СҚО командасы Республикалық командалық айтыста «қола» жүлдеге ие болды
Солтүстік Қазақстан облыстық С. Мұқанов атындағы кітапханада команда мүшелерін марапаттау салтанаты өтті, деп хабарлайды QZ NEWS.
Екі жылға созылған ауқымды мәдени жоба айтыс, жыр, терме, күй және дәстүрлі ән өнерін біріктіріп, еліміздің 20 өңірін қамтыды. Солтүстік Қазақстан облысының командасы өңір намысын абыроймен қорғап, үздік үштіктің қатарына енді. Ерекше мақтаныш тудырған жайт – команданың солисі Біржан Есжановқа «Ең үздік дәстүрлі ән орындаушы» номинациясының берілуі болды.
СҚО әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов пен мәдениет саласының танымал өкілдері қатысушыларды құттықтап, қазақтың дәстүрлі өнерін сақтау мен дамыту маңызды екенін атап өтті. Команда мүшелері Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарымен марапатталды.