СҚО Қызылжар ауданында су басқан үйлердің 80% техникалық тексеруден өтті
Қызылжар ауданында 18 ауылда 1546 үй су астында қалды. Қазір су барлық зардап шеккен үйден кетті, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
12 сәуірде зардап шеккендерге 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы көмек көрсету бойынша жұмыс басталды. Бүгінгі таңда 543 млн теңге төленді. 1471 адам материалдық көмек алды.
Ауданда зардап шеккендердің мүлкіне келтірілген залалды бағалау және үйлерді техникалық тексеру жұмыстары жалғасуда. Техникалық тексерумен аккредиттелген өңірдегі барлық үш ЖШС мамандары айналысады. Олардың құрамына 10 маман кіреді. Жұмыстың үлкен көлеміне және техникалық тексерудің ерекшелігіне, сондай-ақ өңірде аталған мамандардың болмауына байланысты елордалық және көкшетаулық сарапшылар қосымша тартылды.
Техникалық тексеру 1130 үйде жүргізілді, бұл ауылдар: Тепличное, Прибрежное, Бескөл, Ольшанка, Соколовка, Боголюбово, Надежка, Семипалатное, Вагулино, Якорь, Кустовое, Красноярское, Барневка және Долматово. Оның ішінде үш ауылда техникалық тексеру толығымен аяқталды: Тепличное, Прибрежное, Бескөл. Тағы 416 үй қалды, негізінен, бұл – Большая Малышка ауылындағы үйлер. Техникалық зерттеудің ерекшелігі белгілі бір уақытты қажет ететін арнайы компьютерлік бағдарламада жұмыс істеуді қамтиды. Құжаттарды берудің өзі жылдам болмайды, құжаттар мұқият өңдеп, талдағаннан кейін беріледі. Бүгінгі таңда 96 техникалық қорытынды берілді, олардың негізінде ақау жайлы акт жасалады. Оның негізінде үйді қалпына келтіру сметасы әзірленеді, сомалар нарықтық бағамен есептеледі. Бұл ретте сметаны тек лицензияланған ұйым әкімдіктің араласуынсыз жасайды.
Мүлікті бағалау бойынша сарапшылар Большая Малышка және Бескөл ауылдарында жұмыс істеуде. Мүліктік залалды бағалаумен лицензиясы бар екі компанияның 5 адамы айналысады. Бүгінгі таңда 1172-ден астам үй немесе 76% зерттелді, мүлікке келтірілген залалды бағалаудың 140-тан астам қорытындысы алынды. 374 үй қалды. ТЖ салдарынан зардап шеккен халыққа келтірілген материалдық залалды бағалау және өтеу жөніндегі комиссия сараптама ұйымдарынан алынған қорытындыларға сәйкес одан әрі пайдалануға жарамсыз тұрғын үйлердің құнын өтеу жөніндегі материалдарды қараумен 4 отырыс өткізді. Боголюбово ауылында тұрғын үйі қалпына келтіруге жатпайтын 9 зардап шегушіге балама тұрғын үй сатып алу бойынша ұсыныс берілді. Ұсыныс қанағаттандырылды. Бұл бағыттағы жұмыс бағалау нәтижелеріне қарай жалғасады.
Су тасқыны салдарын жою бойынша учаскелерге Аққайың ауданының бес механикаландырылған бригадасы келді. Барлығы 45 маман. Олар Тепличное және Прибрежное ауылдарында жұмыс істейді. Тепличное ауылындағы үйлердің аумақтарынан күн сайын ауыр жүк техникасы және тиегіштің көмегімен қоқысты шығару бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Сондай-ақ, Қызылжар ауданының аумағында патогендік микроорганизмдер мен бактериялардың, жұқпалы аурулардың таралуына жол бермеу мақсатында арнайы құралдар мен ерітінділерді қолдана отырып, су басқан үйлер мен жалпы пайдаланылатын аумақтарды дезинфекциялау жүргізілуде. Тепличное ауылындағы су басқан үйлерді дезинфекциялаумен қамту көрсеткіші 70% құрайды.
Күн сайын халыққа қоғамдық штаб және жергілікті әлеуметтік желілердегі чаттар арқылы әкімдік қызметкерлерінің өздері, соның ішінде әкім түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Әрбір ауылдағы арнайы штабтар үлкен көмек болып табылады, оған кез келген адам жүгіне алады. 18 мамырда су тасқынынан зардап шеккен 18 елді мекеннің (2800 – ге жуық адам) тұрғындарымен 40 кездесу өткізілді: аудан әкімімен – 18 кездесу, қоғамдық штаб мүшелерімен – 22 кездесу.
Бағалауды сүйемелдеу кезінде округ әкімдіктерінің мамандары аулаларды аралайды, олардың барысында түсіндіру жұмыстары жүргізіледі және тұрғындардан қызықтыратын мәселелер жиналады.
Жалпы, 20 мамырға дейін зардап шеккендердің мүлкіне келтірілген залалды бағалау және Қызылжар ауданындағы үйлерді техникалық тексеру бойынша барлық жұмыстар аяқталады. Ал 23 мамырға қарай барлық қажетті құжаттар (техникалық қорытынды және сметалар) дайын болады.