Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » Су тасқыны 2024: СҚО-ның 87 елді мекеніне қауіп төніп тұр

Су тасқыны 2024: СҚО-ның 87 елді мекеніне қауіп төніп тұр

Облыс әкімдігінде су тасқыны кезеңіне дайындық мәселесі талқыланды, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.

СҚО бойынша ТЖД департаментінің бастығы Ерік Сарыбаевтың айтуынша, Солтүстік Қазақстан облысында су тасқыны әртүрлі сценарий бойынша өтуі мүмкін. Егер су тасқыны 2016 жылдағыдай болса, онда 10 ауданда – Айыртау, Ақжар, Аққайың, Есіл, М.Жұмабаев, Қызылжар, Ғ. Мүсірепов, Тайынша, Тимирязев және Шал ақында береке қашады. Ал су тасқыны 2017 жылдағыдай болса, онда 4 ауданда – Айыртау, Ғ.Мүсірепов, Қызылжар, Уәлихановта және облыс орталығында бірнеше өзен деңгейінің көтерілу қаупі бар.

“2023 жылы ең күрделі жағдай Петропавл қаласында және Ғ. Мүсірепов ауданында орналасқан Тахтаброд ауылында тіркелді. Бірлескен жедел және үйлесімді іс-қимылдардың арқасында су тасқынының зардаптарын болдырмауға мүмкіндік туды. Петропавл қаласында қабылданған шараларға қарамастан, күрт жылынуға байланысты жер асты және еріген су деңгейі көтерілді, нақтырақ айтсақ, Жұмысшы кентіндегі және Солнечный кентіндегі аулаларда су деңгейінің жоғарылауы тіркелді. Осы факторды ескере отырып, негізгі және қосалқы көшелерді қар мен қоқыстан және арықтар, суағарлар мен су өткізгіш құбырларды мұздан тазарту жұмыстарын алдын ала жүргізу қажет”, – деді Ерік Сарыбаев.  

Жиында су тасқынына байланысты 87 елді мекен есепке алынғаны атап өтілді. Бұл  – 1729 үй және 5 мыңнан астам адам.

“Алдын алу іс-шаралары кезінде еріген су басуға бейім елді мекендерге ерекше назар аудару қажет. Бұл елді мекендерден қарды уақтылы шығару негізгі жұмыстардың бірі болып табылады. Сонымен қатар, мұз кептелісі болуы мүмкін өзендердің арнайы учаскелерінде жарылыс жұмыстарын алдын ала жүргізуді жоспарлау қажет. Облыста су тасқыны қаупіне жедел ден қою үшін құрамында 475 адам және 135 бірлік техникасы бар ТЖД, полиция және Ұлттық ұлан бөлімшелерін қоса алғанда, құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатарынан күштер мен құралдар тобы құрылды”, – деді Сарыбаев.

 

 

Shares