Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » Су тасқыны салдарынан СҚО-да 6 ауылдың тұрғындары жарықсыз қалды

Су тасқыны салдарынан СҚО-да 6 ауылдың тұрғындары жарықсыз қалды

“Солтүстік Қазақстан Электржелілік Тарату Компаниясы” АҚ деректері бойынша 8 сәуір сағат 11:00-де 253 жеке және 19 заңды тұлға электр қуатынсыз отыр, облыстың 6 ауылында жарық жоқ, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.

“Шал ақын ауданы бойынша 35 кВ “Марьевка-Жаңажол” желісінің 100-ге жуық тірегін еріген су басып отыр. Мұздың соғуымен 11 тірек зақымдалған. Жарық жоқ үш ауыл болды. Қазіргі уақытта Жаңажол ауылында шектеу алынып тасталды, тасымалданатын дизельді генераторлар орнатылды. Қазір Жаңаталап және Кеңес ауылдары бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жақын арада тұтынушылар үшін шектеу жойылады. Тиісті жұмыстарға 21 маман жұмылдырылды”, – деді
“Солтүстік Қазақстан Электржелілік Тарату Компаниясы” АҚ бас инженері Александр Елисеев.

Су тасқыны салдарынан Есіл ауданының кейбір ауылдары тұрғындары үшін де электрмен жабдықтау шектелді.

“Есіл ауданы бойынша 35 кВ “Покровка-Алматинское” желісін су басты. Нәтижесінде бізде 2 елді мекен қуаттан ажыратылды. Қазір 11 адамнан және үш техникадан тұратын авариялық-қалпына келтіру бригадасы жұмыс істеуде. Шамамен 15:00-16:00-ге дейін барлық тұтынушыларға электрмен жабдықтау беріледі. Николаевка ауылы бойынша “Береговая” трансформаторы өшірілді. Береговая көшесі су астында қалды. Қауіпсіздік үшін трансформатор өшірілді. Онда тұрғындар эвакуацияланды. Сондай-ақ, Жарқайың ауылында ТЖ алдын алу үшін 10 кВ желісі тоқтан ажыратылды. Сол жерден халық толығымен эвакуацияланды”, – деп түсіндірді Александр Елисеев.

Shares