Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » «Су тасқыны жағдайы тұрақты бақылауда» – СҚО әкімі

«Су тасқыны жағдайы тұрақты бақылауда» – СҚО әкімі

Солтүстік Қазақстан облысында су тасқыны кезеңі басталғалы бері тұрғын үйлерді су басуға жол берілген жоқ. Бұл туралы өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов ҚР Үкіметі отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды QZ News.

Оның айтуынша, облыста республикалық және жергілікті маңызы бар автожолдарда 27 рет су басу тіркелген, олардың барлығы 4–5 күн ішінде жойылған. Қазіргі таңда тек 2 учаскеде су тасқыны сақталып отыр.

Өңірде 8 қорғаныш дамбасын қалпына келтіру және нығайту, Петропавл су торабы маңында айналма канал салу және Соколовка ауылы маңында Есіл өзенінің арнасын түзеу жұмыстары аяқталған. Сондай-ақ, елді мекенді су басу қаупін жою мақсатында Новоникольское ауылында шаруашылық субъектісінің есебінен айналма канал салынды. Бұл каналдардың тиімділігі дәлелденді.

Елді мекендерден 1,5 млн текше метрден астам қар шығарылып, 400 мың текше метр еріген су сорылды, 200 мың қап төселіп, жарылыс жұмыстары жүргізілді. Бұл шаралар тұрғын үйлер мен инфрақұрылымды су басудан сақтап қалуға сеп болды.

Су тасқыны жағдайына мониторинг жүргізу үшін дрондар қолданылуда. Кейін ол дрондар өрт қауіпті кезеңде де пайдаланылатын болады.

«Өзендер мен көлдердегі су деңгейіне тәулік бойы мониторинг жүргізілуде. Қазіргі таңда Петропавл бойынша су тасқынының бірінші және екінші толқындарының шарықтау шегі өтіп жатыр. Сәуір айының соңына қарай Ақмола облысындағы Жабай және Қалутон өзендерінің көтерілуіне байланысты үшінші толқынның шарықтау шегі күтілуде. Бұл елді мекендерге қауіп төндірмейді. Су тасқыны жағдайы тұрақты бақылауда», — деді Ғауез Нұрмұхамбетов.

Shares