Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » Су тасқынынан зардап шеккен солтүстікқазақстандықтар мемлекет тарапынан төлем алады

Су тасқынынан зардап шеккен солтүстікқазақстандықтар мемлекет тарапынан төлем алады

Топан судан зардап шеккен аймақ тұрғындары заң аясында мемлекет тарапынан төлем алуға құқығы бар. Мұндай қолдау денсаулығына зиян келген, материалдық шығынға ұшыраған адамдарға қарастырылған, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.

Су тасқыны салдарынан денсаулығына зиян келген адамдарға тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде медициналық көмек көрсетілетін болады. Материалдық залал шеккендерге, оның ішінде: жылжымайтын және жылжымалы мүлік үшін (үйлер, құрылыстар, автокөлік, ауыл шаруашылығы техникасы және т.б.), сондай-ақ ауыл шаруашылығы жануарлары үшін күнтізбелік 30 күн ішінде жергілікті әкімдіктерге өтінішпен жүгіну керек. Жоғалған мүліктің тізбесін, сондай-ақ меншік құқығын тіркеу туралы растайтын құжаттарды қоса беру қажет. Ауыл шаруашылығы жануарлары бойынша ӨИС жүйесінде тіркеу міндетті.

“Үш күн өтінішті қарауға беріледі, содан кейін әкімдік өтініш тіркелген күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде келтірілген залалдың мөлшерін бағалауды ұйымдастырады. Залалдың мөлшерін жергілікті әкімдіктер тартатын тәуелсіз бағалаушылар айқындайды. Залалды төлеу мерзімі тәуелсіз бағалаушы қорытынды шығарғаннан кейін күнтізбелік 30 күн ішінде жүзеге асырылады. Сондай – ақ, халықтың және бизнестің кредиттерін төлеу бойынша кейінге қалдыру мәселесі пысықталды”, – деді СҚО қаржы басқармасының басшысы Наталья Дышкант.

Су тасқынынан зардап шеккен солтүстікқазақстандықтар біржолғы төлем де алады. Азаматтар бұл қаражатты азық-түлік, қажетті тауарлар сатып алуға және тұрғын үйді жалға алуға пайдаланады.

“Облыстың барлық аудандары мен Петропавл қаласында қиын жағдайға тап болған адамдарға әлеуметтік көмек көрсету қағидалары қолданылады.
Біржолғы төлемнің мөлшері: Ақжар, Аққайың, Мамлют аудандарында 100 АЕК-ке дейін; Айыртау, Есіл, Жамбыл, М. Жұмабаев, Қызылжар, Ғ. Мүсірепов, Тайынша, Шал ақын, Тимирязев аудандарында 100 АЕК; Уәлиханов ауданында 200 АЕК-ке дейін; Петропавл қаласында 200 АЕК құрайды”, – деді СҚО жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ринат Елжасов.

Ағымдағы жылы осы мақсаттарға 85 млн теңге бөлінді. Әлеуметтік көмек алу үшін азаматтар тұрғылықты жері бойынша ауылдық округ әкіміне, аудан орталықтарының тұрғындары Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдеріне тікелей жүгіне алады. Сонымен қатар, «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы өтініш бере алады. Көрсетілетін әлеуметтік көмектің мөлшерін арнайы комиссия ұсынылған құжаттар негізінде айқындайды. Әлеуметтік көмек 8 жұмыс күні ішінде көрсетіледі.

Shares