Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » Су тасқынынан зардап шеккендер біржолғы төлем алу үшін өтініш беруде

Су тасқынынан зардап шеккендер біржолғы төлем алу үшін өтініш беруде

16 сәуір күні қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне үйлері топан судан зардап шеккен адамдар жиналды. Қала тұрғындары мұнда заңды бірреттік төлемді алуға өтініш беру үшін келді, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.

Зоя Михайленко Ойқала шағын ауданында 35 жыл тұрды. Әр көктемде оның отбасы сарыуайымға салынып, сөмкелерін жинап отырыпты. Биыл еңселері тіпті түсті. Су тасқынынан кейін әйел мен оның жұбайы туыстарына орналасқан екен.

“Су кенеттен келді, аздап дайындалған едік, бірер нәрсені алып кеттік. Үйіміз жаңа еді, құрылысқа деп алған 8 миллион теңге несие әлі төленбеді, бәрі су астында қалды. Мен көршілерімді және отбасымды тыныштандырып жүрмін, ең бастысы – аман қалу. Күйеуім өтініш жазды, мамандар су кеткеннен кейін өтемақы берілетінін айтты, ол үшін үйдің жай-күйі қаралмақ”, – деді Ойқала шағын ауданының тұрғыны Зоя Михайленко.

Зардап шеккен халықтың мүлкін бағалау су тасқыны жағдайы тұрақталғаннан және үйлер мен аула аумақтарынан су толығымен кеткеннен кейін басталады. Руслан Садықов та Ойқалада тұрды, ер адам және оның отбасы үйсіз қалды.

“Үйде 4 адам тұрдық. Заттарды көтере алдық, бірақ бұдан пайда болды деп ойламаймын. Үй толығымен су астында қалды. Енді бұл шағын ауданда өмір сүру өте қорқынышты, мен қауіпсіз аудандарда тұрғындарға арналған үйлер салынады деп естідім. Өте дұрыс деп есептеймін. Әйтпесе, биылғы жағдай қайталанады”, – деді Ойқала шағын ауданының тұрғыны Руслан Садықов.

Үлкен судан зардап шеккен аймақ тұрғындары оларға төленетін төлемдерді толық негізде алады. Ол денсаулыққа зиян келтіріп, материалдық шығынға ұшырағандар үшін қарастырылған.

“Үш күн өтінішті қарауға беріледі, содан кейін әкімдік өтініш тіркелген күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде келтірілген залалдың мөлшерін бағалауды ұйымдастырады. Залалдың мөлшерін жергілікті әкімдіктер тартатын тәуелсіз бағалаушылар айқындайды. Залалды төлеу тәуелсіз бағалаушы қорытынды шығарғаннан кейін күнтізбелік 30 күн ішінде жүзеге асырылады. Сондай-ақ, халықтың және бизнестің кредиттерін төлеуді кейінге қалдыру мәселесі пысықталды”, – деді бұған дейін брифингте СҚО қаржы басқармасының басшысы Наталья Дышкант.

Сонымен қатар, су тасқынынан зардап шеккен солтүстікқазақстандықтар біржолғы төлем алады. Азаматтар бұл қаражатты азық-түлік, қажетті тауарлар мен тұрғын үйді жалдау мақсатында пайдалана алады.

“Төлемдер мынадай мөлшерде жүргізіледі: 100 АЕК-ке дейін, яғни 369,2 мың теңгеге дейін Ақжар, Аққайың, Мамлют аудандарында, 100 АЕК Айыртау, Есіл, Жамбыл, М. Жұмабаев, Қызылжар, Ғ. Мүсірепов, Тайынша, Шал ақын үшін, ал Тимирязев ауданында 200 АЕК дейін, Уәлиханов ауданында 738 мың теңгеге дейін, Петропавл қаласында 200 АЕК, яғни 738 мың теңге”, – деді бұған дейін брифингте СҚО жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ринат Елжасов.

Биыл бұл мақсаттарға 85 млн теңге бөлінді. Көрсетілетін әлеуметтік көмектің мөлшерін арнайы комиссия ұсынылған құжаттар негізінде айқындайды. Әлеуметтік көмек көрсету мерзімі – 8 жұмыс күніне дейін. Кезек болдырмау үшін қала билігі төлемдерге өтініш бергісі келетіндерді қабылдау кестесін құрды. Онымен Петропавл әкімдігінің instagram ресми парақшасында танысуға болады. Театр, 36 мекен-жайы бойынша халықты қабылдау таңғы 9-дан кешкі 21:00-ге дейін жүргізіледі.

Shares