Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » Тасқын-2024: 4 сәуірдегі ТЖД жұмысының қорытындысы және 5 сәуірдегі өңірдегі жағдай

Тасқын-2024: 4 сәуірдегі ТЖД жұмысының қорытындысы және 5 сәуірдегі өңірдегі жағдай

Солтүстік Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаменті, жергілікті атқарушы органдар, ұйымдар мен тұрғындар су тасқынына қарсы іс-шараларды жалғастыруда, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.

4 сәуір күні елді мекендердің көшелері мен аула аумақтарынан 57 мың текше метрден астам су сорылды. 13 мыңға жуық арық тазартылды. 3 мыңнан астам құм салынған қап дайындалды, 5 мыңнан астамы төселді. 2 мың 500 метрден астам арна кеңейтіліп, тереңдетілді.

5 сәуір күнгі таңғы сағат 9-дағы жағдай бойынша еріген қар суының 28 жол учаскесін шаю жайты тіркелді. Бөліп айтсақ, 3-еуі – республикалық, 8-і – облыстық, ал 17-сі – аудандық маңыздағы жолдар. Белгілер қойылды. Жергілікті атқарушы органдар мен полицияның ұйымдастыруымен кезекшілік шарасы өтті. Бұл жағдай бақылауда.

«Қазіргі таңда көлік қатынасы үзілген бір елді мекен бар. Ол – Уәлиханов ауданындағы Қаратал ауылы. Бұл елді мекен тұрғындарының қалыпты өмір сүруін қамтамасыз ету шаралары қабылданып, құтқарушылар кезекшілік атқаруда. Тайынша ауданы, Черниговка ауылында қардың күрт еруі мен еріген судың қатты ағуы салдарынан 2 үйді су басты, 4 адам алдын ала Красная Поляна ауылындағы эвакуациялау пунктіне көшірілді. Сондай-ақ 14 бас ауыл шаруашылығы жануары қауіпсіз жерге көшірілді. Қоса кету қажет, аталған аудандағы Красная Поляна ауылында 6 тұрғын үйге су кірді. 4 адам (туыстарына), 27 ауыл шаруашылығы жануары эвакуацияланды. Бұл елді мекенді қорғау мақсатында топырақ қоршау тұрғызу (500 қап төселген) бойынша инженерлік жұмыстар жүргізілуде», – деп хабарлайды СҚО ТЖД.

Қазір облыстың өзге аудандарында да туындайтын қауіптердің алдын алу мақсатында инженерлік-техникалық жұмыстар жүргізілуде

Тайынша қаласында, Ғ.Мүсірепов, Уәлиханов және Айыртау аудандарында Солтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті мен Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері немесе 114 адам және 7 бірлік техника, 21 мотопомпа жұмыс істеп, ЖАО көмек көрсетуде. Олардың күшімен 800-ден астам қап дайындалды, 7 мың 500 литрден астам су сорылды.

 

Shares