“Таза Қазақстан”: Имантау-Шалқар курорттық аймағынан 300 келіден астам қоқыс шығарылды
“Таза Қазақстан” республикалық акциясы аясында облыстың барлық ауданында “Табиғатты сақтайық”, “Киелі мекен”, “Таза табиғат”, “Табиғатты аялайық” және басқа да түрлі экологиялық іс-шаралар өтті, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
Мысалы, Имантау-Шалқар курорттық аймағында еріктілердің “Мөлдір бұлақ” жастар экологиялық акциясы өткізілді. Қызықты және пайдалы іс-шараға еріктілер, орман шаруашылығы қызметкерлері, бюджеттік ұйымдар және жергілікті тұрғындар қатарынан 100-ден астам адам қатысты. 300 кг астам қоқыс шығарылды.
Мамлют ауданындағы Меңкесер көлінде жағалауды абаттандыру және тазарту бойынша “Таза жағалау” акциясы өтті. Оған еріктілер, жергілікті тұрғындар мен демалушылар тартылды. Эко-акция аясында демалушылар мен жергілікті тұрғындарды сенбілікке қатысуға шақыратын музыкалық іс-шара өтті, көл тарихын білуге арналған викторина өткізілді. Іс-шара жастар дискотекасымен аяқталды.
Ағымдағы кезеңде “Таза Қазақстан” республикалық акциясына 128 мыңға жуық адам қатысты, 211 саяжол мен саябақ абаттандырылды, 124 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды, 32 мыңнан астам ағаш және 2 мыңнан астам бұта отырғызылды.