Теріскейлік Хасеновтар жаняұсы «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының финалына дейін жетті
Отбасы күні қарсаңында Астанада «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы қорытындыланып, жеңімпаздар марапатталды. Салтанатты іс-шараға Қазақстанның барлық аймағынан өңірлік кезеңдерде жеңіске жеткен отбасылар қатысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев байқау жеңімпаздарына арнайы сәлемін жолдап, құттықтау хатын жіберді. Президенттің жылы лебізін Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев оқып берді, деп хабарлайды QZ News Ақпарат және мәдениет министрлігіне сілтеме жасап.
«Мерейлі отбасы» байқауы – ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға жол ашатын, өзіндік дәстүрі бар бірегей жоба. Халқымыздың асыл қасиеттерін өскелең ұрпақтың бойына сіңіру – бәрімізге ортақ міндет. Осы орайда әр отбасы айрықша рөл атқарады. Елімізде адал еңбегімен көпке үлгі болып жүрген өнегелі әулеттер аз емес. Бүгінгі салтанатты кеш – соның айқын дәлелі. Бұл байқаудағы әрбір отбасының жеңісін бірлігі жарасқан жұртымыздың мерейлі жетістігі деп бағалауға болады», – делінген Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатында.
«Мерейлі отбасы» жобасына бір салада ұзақ жылдар бойы жұмыс істеп келе жатқан еңбек династиялары, шығармашыл және бала асырап алған отбасылар, волонтерлер мен меценаттар қатысып жатыр. Биыл байқау 11-ші рет өткізіліп отыр. Байқаудың өңірлік кезеңіне қатысуға Қазақстанның барлық аймақтарынан 3 369 өтінім түскенін атап өткен жөн. Айтулы шарада Солтүстік Қазақстан облысының намысын ақтық сынға дейін жеткен Хасеновтар жаняұсы қорғады.