Ұлттық ұлан академиясының курсанттары Тепличное, Прибрежное және Бескольде үш мыңнан астам қап дайындады
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы академиясының курсанттары Тепличное, Прибрежное және Бескөл елді мекендерінде қорғаныс бөгеттерін салуға қатысты. Болашақ офицерлер су тасқыны қаупі жоғары арнайы учаскелерге орналастыру үшін 3000-нан астам құм қаптарын дайындады, деп хабарлайды QZ News.
Солтүстік Қазақстан облысында көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Аймақта жыл сайын елді мекендерді су басудан қорғау, қорғаныс құрылыстарын нығайту және табиғи апаттардың алдын алу бойынша кешенді шаралар іске асырылады. Негізгі мақсат – су деңгейінің күрт көтерілуінен туындайтын қауіптерді барынша азайту және жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Курсанттар таңсәріден кешке дейін қолайсыз ауа райына қарамастан, ауыр физикалық жұмыстар атқарды.
“Шаршағандарына қарамастан, олар жоғары деңгейдегі ұйымшылдықты, жауапкершілікті және тәртіптілікті көрсетті. Жұмыс жүргізілген жерге жергілікті әкімдік өкілдері келіп, әскери қызметшілердің еңбегіне жоғары баға беріп, алғыс білдірді. Қолдау белгісі ретінде курсанттарға ыстық шай мен жаңа піскен нан ұсынып, бұл жұмыс күніндегі жағымды сәттердің бірі болды”, – деп хабарлады ҚР Ұлттық ұлан академиясының баспасөз қызметі.