Жалақы есептеудегі заңбұзушылықтар: СҚО мемлекеттік аудит департаменті миллиондаған тәуекелдерді анықтады
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті (ІМАД СҚО) әлеуметтік салада — білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, туризм және спорт салаларында жалақы төлемдерін белсенді бақылауды жалғастырып келеді. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында департамент 1 миллиард теңгеден астам сомаға тәуекелдерді анықтап, негізсіз төленген қаражаттың бір бөлігін бюджетке қайтарды, деп хабарлайды QZ News.
ІМАД СҚО мәліметінше, есепті кезеңде 4153 жағдай бойынша 214 ықпал ету хаты жолданып, жалпы сомасы 1 066,0 млн теңге болатын ықтимал заңбұзушылықтар анықталған. Оның ішінде 8,8 млн теңгеге тәуекелдер расталып, 6,6 млн теңгесі бюджетке қайтарылды.
Анықталған бұзушылықтардың нақты бір мысалы — Шал ақын ауданы білім бөлімінің «Өркен» өнер мектебіне жүргізілген аудит. Тексеру барысында мекеме қызметкерінің еңбек өтілі дұрыс есептелмей, соның салдарынан оған артық жалақы төленгені белгілі болды. Сонымен қатар, оған еңбек жағдайының ерекшелігі үшін негізсіз 10% үстемеақы берілген.
Аудит нәтижесінде анықталған қаржылық заңбұзушылықтар көлемі 2,1 млн теңгені құрап, бұл сома бюджетке қайтарылуға тиіс. Қазіргі таңда мекеме 181,6 мың теңгесін қайтарып үлгерді. Анықталған заңбұзушылықтар бойынша 3 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.