Жүргізуші куәлігінсіз мас күйде көлік басқарғаны үшін СҚО тұрғынына жарты миллион теңге айыппұл салынды
М. Жұмабаев ауданының соты жүргізуші куәлігінсіз көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқару фактісі бойынша әкімшілік құқықбұзушылық ісін қарады. Оқиға «Челябі – Новосібір» бағытындағы тас жолда орын алған, деп хабарлайды QZ NEWS.
Сот отырысында анықталғандай, құқық бұзушы көлікті мас күйде жүргізіп келе жатқан кезде полиция қызметкерлері тоқтатқан. Сотта ер адам кінәсін мойындап, кафеде бір кружка сыра ішкенін және кейін үйіне қарай бет алғанын айтты. Сондай-ақ, ол бұрын-соңды жүргізуші куәлігін алмағанын да растады.
«Сот қаулысымен оған 550 480 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл түріндегі жаза тағайындалды. Қазіргі таңда сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ», – делінген сот таратқан хабарламада.