Петропавловск
+21°C
Главная страница » Спорт » Али Алиев Қазақстан Ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы міндетін атқарушы болып тағайындалды

Али Алиев Қазақстан Ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы міндетін атқарушы болып тағайындалды

Қазақстан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы міндетін атқарушы болып отандық маман Али Алиев тағайындалды. Бұл туралы Қазақстан футбол федерациясы хабарлады, деп жазады QZ News.

Али Ханалиевич 1980 жылы 27 қазанда Алматы қаласында дүниеге келген. Футболшы кезінен «ЦСКА-Қайрат», «Қайрат», «Иртыш», «Тобыл», «Восток», «Ордабасы» және «Қызылжар» клубтарында ойнаған. Сондай-ақ, Түркияның «Ақчаабат Себатспор», «Қайсери Эрджиесспор», «Карталспор» және «Диярбакырспор» командаларында да тәжірибесі бар.

1999 жылы Қазақстан жастар құрамасының құрамында Нигерияда өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында өнер көрсеткен. 2002 жылы Эстонияға қарсы достық матчта ұлттық құраманың сапында дебют жасаған.

Алиев жаттықтырушылық мансабын 2014 жылы «Ордабасы» командасында ойыншы-жаттықтырушы ретінде бастаған. 2018 жылы ойыншы мансабын аяқтағаннан кейін Петропавлдың «Қызылжарының» бас бапкері болып тағайындалып, команданы Премьер-Лигаға шығарған.

2021 жылы Алиев Қарағандының «Шахтер» командасының бас бапкері болып жұмыс істеген, кейінірек «Астана» футбол клубының жастар құрамын басқарған.

2022 жылы «Женіс» командасын басқарған соң, қайтадан «Қызылжарға» келіп, команданы UEFA Конференция Лигасының іріктеуінің үшінші кезеңіне дейін жеткізіп, хорватиялық «Осиекке» қарсы жеңіске жеткен.

Айта кетейік, бас жаттықтырушының ассистенттері болып Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы ойыншылары Нұрбол Жұмасқалиев пен Елдос Ахметов тағайындалды.

Нұрбол Жардемұлы Премьер-Лигада ең көп матч өткізген және 167 голмен ең үздік бомбардир атанған. 2001-2014 жылдар аралығында Қазақстан ұлттық құрамасының сапында 58 матч өткізген. 2021-2023 жылдары Қазақстан жастар құрамасының аға жаттықтырушысының ассистенті болды.

Елдос Ахметов 2012-2022 жылдары Қазақстан ұлттық құрамасының сапында ойнаған. 2024 жылы жастар құрамасының аға жаттықтырушысының ассистенті болып, сол жылдың қазанында ұлттық команданың жаттықтырушы штабына қосылған.

Shares