Батуттық гимнастика спортшылары Қарағандыдан жүлдемен оралды
Петропавл теміржол вокзалынан VI Жастар ойындарынан оралған Солтүстік Қазақстан облысының батуттық гимнастика командасын қала тұрғындары қошеметпен қарсы алды. Жарыс нәтижесі : 7 алтын, 10 күміс және 3 қола медаль, деп хабарлайды QZ News.
Әрбір жүлде – жүздеген сағаттық жаттығу, биіктіктен қорқу, шаршау және «қолымнан келмейді» деген ішкі кедергілерді жеңу. Жеңімпаздардың қатарында батуттық гимнастикамен бар болғаны екі жылдан бері айналысып жүрген 13 жастағы Глеб Зель бар. Ол бір алтын және бір күміс медаль жеңіп алып, команданың қоржынына елеулі үлес қосты.
«Біз акробатикалық жолақта өнер көрсеттік. Жарыс «Шахтёр» командасы жаттығатын стадионда өтті. Өзімнің снарядтарымда түрлі элементтер жасадым. Қиындықтар болмады, бірақ қатты уайымдадым. Батуттық гимнастикаға дейін спорттық гимнастикамен айналыстым», – дейді Глеб Зель.
Бүгінде қаладағы спорт залдарда батуттық гимнастика және акробатикамен 280 бала айналысады.
«Балалар үш бірдей бағдарламада жарысты: батут, акробатикалық жолақ және қос шағын-трамплин. Бұл спорт түрлерінің әрқайсысында спортшылар жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, тамаша нәтижеге қол жеткізді. Команда құрамында 16 адам болды, олардың ішінде 4 тәжірибелі жаттықтырушы бар. Олар турнир бойы балаларға бағыт-бағдар беріп, қолдау көрсетті. Команданың ұйымшыл еңбегі мен табандылығының арқасында біз аймақ намысын лайықты қорғадық», – дейді спорттық акробатикадан БЖСМ бас жаттықтырушысы Андрей Ямпольский.
Алдағы уақытта балаларда ірі жарыстар жоспарланбаған. Сондықтан олар демалып, жаңа сындарға біртіндеп дайындалатын болады.