Хорватияда өтетін ардагерлер арасындағы әлем чемпионатына солтүстікқазақстандық палуандар қатысады
Астана қаласында ардагерлер арасында еркін және грек-рим күресінен Қазақстан чемпионаты өтті. Ел тарихындағы алғашқы дода Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында ұйымдастырылды, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Чемпионат еліміздің әр өңірінен жиылған 100-ге жуық қатысушының басын қосты. Палуандардың арасында Солтүстік Қазақстан облысының өкілдері де болды. Қуанышқа орай, жүлде молынан бұйырды.
«Чемпионаттың бірінші күні еркін күрес шеберлері ортаға шықты. Бірінші орын иеленгендер: Александр Ляшенко (62 келі), Павел Ляшенко (70 келі), Георгий Харачиди (130 келі). Екінші орын: Талғат Әшімов (88 келі), Амангелді Нұрышев (78 келі). Ал Аман Сәпиев (70 келі) үшінші орын еншіледі. Чемпионаттың екінші күні грек-рим күресі өкілдері шеберлік сынасты. Георгий Харачиди – бірінші, Аман Сапиев екінші орын иеленді. Сонымен қатар, еркін күрестен жалпыкомандалық есепте үшінші орын бұйырды», – деді чемпионатқа қатысушы, күрестен жаттықтырушы Павел Ляшенко.
Елордада сәтті өнер көрсеткен солтүстікқазақстандық палуандар әлем чемпионатына қатысады. Ол Хорватияда 8-13 қазан аралығында өтеді. Алдын ала мәлімет бойынша, айтулы додада СҚО-ның намысын Александр мен Павел Ляшенколар және Георгий Харачиди қорғайды.