IX Қысқы Азия ойындары: Ұлттық құрама сапында 6 солтүстікқазақстандық спортшы өнер көрсетеді
IX Қысқы Азия ойындары 7-14 ақпан аралығында Қытайдың Харбин қаласында өтеді. Солтүстік Қазақстан облысынан ұлттық құрамаға алты спортшы енді: Виталий Щигалев, Надежда Морозова, Инесса Шүмекова, Алина Шүмекова, Кристина Шүмекова және Әсем Назырова. Спортшылар конькимен сырғанау және тау шаңғысы бойынша Қазақстанның атынан шығады. Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы мәлімдеді, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Виталий Щигалев конькимен жүгіруден төрт құрлықтың чемпионы. Оның ерлер арасындағы масс-старттағы тамаша өнері Қазақстан құрамасына алтын әкелді. Ол 8:22.05-те мәреге жетіп, мықты бәсекелестерін артқа тастап, керемет техника мен жылдамдық көрсетті.
Надежда Морозова төрт құрлықтың жарысында 1000 метр қашықтықта өнер көрсетіп, күміс жүлде иеленді. Оның нәтижесі қазақстандық спортшылардың дайындығының жоғары деңгейінің нақты дәлелі болды. Сонымен қатар, Морозова әйелдер құрамасының командалық спринтте қола жүлдені жеңіп алуында маңызды рөл атқарды.
Инесса Шүмекова 1000 метр қашықтықта алтын, 500 метр қашықтықта күміс жеңіп алып, жасөспірімдер арасындағы әлем кубогының чемпионы атанды. Бұл жетістіктер оның керемет әлеуетін және алдағы ойындарда жоғары нәтижелер үшін күресуге дайындығын көрсетеді.
Кристина мен Алина Шүмековалар жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегерлері. Олар Канвон-2024 жасөспірімдер Олимпиадасында ел намысын абыроймен қорғады. Кристина 500 және 1500 метр қашықтықта үздік ондыққа кірсе, Алина лайықты нәтиже көрсетіп, 11-орынға тұрақтады.
ski – альпинизм түрінен сынға түсетін Әсем Назырова спорттық бағдарлаудан Азия чемпионы ретінде танымал. Ол орта қашықтықта бірінші орын алған, сондай-ақ Қазақстан құрамасы күміс алған эстафетада айқын көрінді.
«Спортшылар халықаралық аренада өз өңірін ғана емес, бүкіл ел намысын қорғайтын Қазақстан құрамасының жалпы жетістіктеріне өз үлесін қосатын болады. Қысқы Азия ойындары олардың спорттық мансабының келесі кезеңі болады және солтүстікқазақстандықтар Харбинде лайықты нәтиже көрсете алады деп айтуға толық негіз бар», – деп атап өтті СҚО спорт басқармасы.