Мамлюткалық жігіт бразилиялық джиу-джитсудан әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды
1-10 қараша аралығында БАӘ-нің Абу-Даби қаласында бразилиялық джиу-джитсудан 15-ші әлем чемпионаты өтуде. Жарысқа Мамлют ауданынан Самат Мұрат қатысты, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Әлем чемпионатына әлемнің түкпір-түкпірінен жүздеген спортшы келді. Самат өз жасы мен салмақ дәрежесінде алты жекпе-жек өткізді. Жерлесіміз әр қарсыласына жеке дайындалып, түрлі тактика таңдады.
«Бұл – менің халықаралық аренадағы дебюттік турнирім. Мен үшін әр жекпе-жек маңызды болды, әр қарсыластың стилі бар. Финалға жолдама сарапқа салынған кездесуде моңғолиялық қарсыласқа есе жібердім. Сірә, халықаралық жарыстардағы тәжірибенің аздығы әсер етсе керек. Барлық қарсылас өте мықты. Қола жүлде үшін оңтүстік африкалық қарсыласқа қарсы кездесу өткіздім. Мен оны жеңдім», – дейді қола жүлдегер.
Жоғары дәрежеге жетуге жаттықтырушылар көмектесіпті. Сонымен қатар, бірге жаттыққандардың барлығы оның спорттық мансабының дамуына өз үлесін қосқан. Чемпионатта 3-орын алғаны үшін Самат медальдан басқа, ақшалай сыйақы мен естелік сыйлыққа ие болды.
«Қарағанды облысында джиу-джитсу спортының негізін қалаушы, жаттықтырушым Марат Нұрланұлы Құтжановқа мені әлем чемпионатына дайындаудағы еңбегі үшін алғыс айтамын, сонымен қатар Қарағанды облысы федерациясының президенті Аян Шермағанбетовты да атап өткім келеді. Еркін күрестен бапкерлеріме: Мамлютов Харис Закеевич пен Мамлютов Мансур Александровичке ерекше алғыс айтамын! Осылардың барлығының арқасында мен мақсатыма жылжып келемін», – деді спортшы.
Айтпақшы, әлем чемпионатына тура екі апта қалғанда Самат бразилиялық джиу-джитсудан Қарағандыда өткен республикалық турнирде жеңімпаз атанды.