Петропавловск
+21°C
Главная страница » Спорт » “Мен өз шәкірттерімді мақтан тұтамын”: жаттықтырушы Станислав Фоленвейдер оқушыларының жетістігі туралы

“Мен өз шәкірттерімді мақтан тұтамын”: жаттықтырушы Станислав Фоленвейдер оқушыларының жетістігі туралы

10 команда 10 күн бойы бақ сынады. Есту қабілеті бұзылған 21 жасқа дейінгі спортшылар арасында сурдо-футзалдан Әлем чемпионаты аяқталды. Ауқымды жарыс елордада өтті. Сайыс қорытындысы бойынша солтүстікқазақстандық Владислав Чечета мен Бекзат Уатаев күміспен күптелді, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.

Станислав Фоленвейдер – еліміздің ұлттық құрамасында ойнайтын балалардың жаттықтырушысы, ол спортшыларды жарысқа даярлау жарты жылдан астам уақыт бойы жүргізілгенін айтты. Спортшылар Қазақстанның түрлі қалаларында бірсыпыра жолдастық кездесу өткізді.

“Астанаға өте мықты командалар келді. Алдымен 5 командадан 2 топқа бөлінді, топтық ойындар болды, содан кейін 1/4 финал, плей-офф ойындары өтті. Топтық кезеңде 4 ойын ойнадық. Тәжікстан, Оман, Сауд Арабиясы және Украина. Бәрін жеңдік. 1/4-те Тайландпен кездестік, 4:0 есебімен жеңдік, Өзбекстанмен кездестік, 7:3 есебімен жеңдік. Финалда Иранмен кездестік. Балалар өте жақсы ойнады, тырысты. Негізгі уақыт 4:4 есебімен аяқталды. Қосымша уақытта жақсы ойнай бастадық, гол соқтық. Әрі қарай Ираннан келген команда бізге гол соқты. Екінші бес минутта балалар физикалық тұрғыда шаршады. Біз қарсыласымызға 7:4 есебімен жеңілдік. Мен өз балаларымды мақтан тұтамын, өте лайықты ойнады”, – деді сурдо-футзалдан ҚР аға жаттықтырушысы Станислав Фоленвейдер.

Астанадағы турнирге Қазақстан, Бразилия, Украина, Оман, Иран, Әзірбайжан, Тәжікстан, Таиланд, Сауд Арабиясы және Өзбекстан спортшылары қатысты.

“Басшылыққа жасалған керемет жағдай үшін алғыс айтамын, бізде ешқандай мәселе болған жоқ. Спорттық киім-кешек, құрал – жабдықтар, қонақ үйде тұру, бәрі ұсақ-түйекке дейін ойластырылған”, – деп атап өтті Станислав Фоленвейдер.

Shares