Петропавловск
+21°C
Главная страница » Спорт » Облыстық “Жастар” спартакиадасының қорытындысы жария етілді

Облыстық “Жастар” спартакиадасының қорытындысы жария етілді

Уәлиханов ауданында облыстық “Жастар” спартакиадасы өтті, оған облыстың он үш ауданынан жиылған 18 бен 23 жас аралығындағы төрт жүзге жуық спортшы қатысты, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.

“Жарыс спорттың бес түрі бойынша өтті: еркін күрес (қыздар), грек-рим күресі (ұлдар), жеңіл атлетика, шағын футбол (қыздар), жағажай волейболы (ұлдар мен қыздар). Жарыстың үш күнінің қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте “Жастар-2024” жеңімпазы – қызылжарлық жастар. Екінші орында – Ақжар ауданының командасы. Спартакиаданың “қоласы” Ғабит Мүсірепов атындағы аудан құрамасына бұйырды”, – делінген СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы баспасөз қызметінің хабарламасында.

Жеңімпаз команда кубок пен дипломнан бөлек, бес жүз мың теңгелік ақшалай сертификат алды. Күміс жүлдегерлер үш жүз мың теңгені қанжығаға байлады. Ал үшінші орын еншілеген ұжымға екі жүз мың теңге табыс етілді. Айта кетейік, өңірімізде спартакиада жыл сайын ұйымдастырылмақ.

Shares