Петропавлда алғаш рет дәстүрлі садақ атудан облыс чемпионаты өтті
Петропавлда алғаш рет дәстүрлі садақ атудан облыс чемпионаты өтті. Марапаттар үшін петропавлдық және Айыртау, Тайынша және Қызылжар аудандарынан келген 16 спортшы бақ сынасты, деп хабарлайды QZ Мedia тілшісі.
13-15 жас аралығындағы балалар садақтан нысанаға 20 метр қашықтықтан, ал 16-17 жас аралығындағы қатысушылар 25 метр қашықтықтан атты. Нәтижені тіркеу мақсатында әр спортшыға 3 нысанаға ату үшін 5 мүмкіндіктен берілді. Жүлделі орындар ең көп ұпай жинаған чемпионат қатысушыларына берілді.
“Балалар “пута” деп аталатын түрік нысанасына, қазақтың нысанасы – “қалқанға”, “жамбыға” оқ жаудырды. 16-17 жас санатында: Арияна Буланова – 1 орын, Дәни Жұмат – 2 орын. 13-15 жас санатындағы ұлдар: Данияр Әбдірахманов – 1 орын, Кирилл Волков – 2 орын, Санжар Базар – 3 орын. 13-15 жас санатындағы қыздар: Полина Могильная – 1 орын, Элизавет Петриенко, Яна Божко – 2 орын, Айлин Валишена және Ғайнел Орынбай – 3 орын. Демеушілерге рахмет. Балалар тамақтандырылды, дәмханада сертификаттар табысталды. Спортшыларға дүкен-серіктес киім ұсынды”,- деді Солтүстік Қазақстан облысының дәстүрлі садақ ату федерациясының басшысы Жасұлан Ғаббасов.
Петропавлда 6 жастан 18 жасқа дейінгі 16 спортшы садақ атумен айналысады. Мұндай бағыттағы федерация осы жылдың наурыз айында ашылды.