Петропавлда Азамат Нұрпейісовтің рухына арналған қоян- қолтық ұрыстан чемпионат өтті
June 26, 2025 14:42

Петропавл қаласында халықаралық дәрежедегі спорт шебері, капитан Азамат Нұрпейісовтің рухына арналған қоян- қолтық ұрыс чемпионаты өз мәресіне жетті. Жарыс облыс орталығындағы «Жеңіс» олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде өтті, деп хабарлайды QZ News.
Азамат Нұрпейісов – кәсіби спортшы ғана емес, нағыз офицер, отаншыл азамат, елінің абыройлы перзенті болды. Турнирге Ұлттық ұланның өңірлік қолбасшылықтарынан – «Оңтүстік», «Орталық», «Батыс», «Шығыс» және Ұлттық ұлан Академиясының курсанттары мен 6654 және 5573 әскери бөлімдерінің әскери қызметшілері қатысты. Қатысушылар саны 100-ден асты.

Екі күнге созылған бәсекеде мықтылар белдесіп, төменгі салмақ дәрежелері бойынша жеңімпаздар анықталды:
57 кг дейін — «Батыс» өңірлік қолбасшылығының 6556 әскери бөлімінің ефрейторы Шыңғыс Мұқанғалиұлы Айтжанов
62 кг дейін — «Батыс» өңірлік қолбасшылығының 5517 әскери бөлімінің сержанты Жандос Рахметоллаұлы Өтегұлов
67 кг дейін — «Батыс» өңірлік қолбасшылығының 5517 әскери бөлімінің жауынгері Руслан Тұрарұлы Қазыбай
73 кг дейін — «Батыс» өңірлік қолбасшылығының 3502 әскери бөлімінің жауынгері Мансұр Сайдамиинович Мимбулатов
80 кг дейін — «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының 3477 әскери бөлімінің кіші сержанты Курбанжан Ялкунжанович Гуламдунов
88 кг дейін — «Орталық» өңірлік қолбасшылығының 6697 әскери бөлімінің жауынгері Әлихан Дінмұхаммедұлы Сафаров
97 кг дейін — Ұлттық ұлан Академиясының курсанты, жауынгер Ескендір Асқарұлы Жайықбаев

Жалпыкомандалық есеп бойынша:
3 орын — «Орталық» өңірлік қолбасшылығы
2 орын — Ұлттық ұлан Академиясы
1 орын — «Батыс» өңірлік қолбасшылығына бұйырды
Академия бастығының міндетін атқарушы Александр Корнилов турнир қорытындысы бойынша:

«Біз спорттық жекпе-жек қана емес, нағыз мінез бен рухтың күресін көрдік. Жеңіске жеткендер – табандылығы, шыдамдылығы мен жеңіске деген жігері мықты жауынгерлер. Бұл қасиеттер – әрбір сарбаз үшін басты негіз. Барша қатысушыларға, жаттықтырушылар мен төрешілерге тәртіп пен жоғары дайындықтары үшін алғысымды білдіремін», – деді.

Турнирдің ерекше әсерлі сәті – Азаматтың әкесі Ерік Нұрпейісовтің сөзі болды:
«Бүгін ұлымның есімін ұлықтап келген әр адамға ризашылығымды білдіремін. Оның ғұмыры қысқа болса да, мәнді өтті. Ол Отан алдындағы борышын адал атқарды. Ұлымның есімі Ұлттық ұлан жауынгерлерінің жүрегінде сақталғаны – біз үшін зор мәртебе. Мұндай турнирлер – біздің отбасы үшін үлкен құрмет. Ұйымдастырушыларға, әсіресе Ұлттық ұлан мен Академия басшылығына алғыс айтамын», – деді Ерік Нұрпейісов.
