Петропавлда бокстан Әлем кубогының иегері Наталья Богдановаға құрмет көрсетілді
Петропавлда бокстан әлемдік аренада еліміздің атын асқақтатқан Наталья Богданованы салтанатты түрде құттықтау рәсімі өтті. Боксшы қыз биыл беделді Әлем кубогын жеңіп алған болатын. Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов спортшыны құттықтап, оған ақшалай сертификат табыстады, деп хабарлайды QZ NEWS.
Наталья финалдық жекпе-жекте австралиялық қарсыласын сенімді түрде жеңіп, қазақ бокс мектебінің жоғары деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Наталья Богданова — халықаралық ареналарда ел намысын қорғап жүрген тәжірибелі спортшы. Ол — әлем чемпионатының қола жүлдегері және Азия ойындарының чемпионы. Бұл жетістіктер Солтүстік Қазақстан халқы үшін зор мақтаныш.
Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов спортшының бапкері Дастан Кабденовке де алғысын білдіріп, оның кәсібилігін, сабырлылығын және өңірдегі бокстың дамуына қосқан үлесін атап өтті.
«Сіздердің үйлесімді жұмыстарыңыздың арқасында облыстың спорттық имиджі артып, жас ұрпақ күш-жігердің, табандылық пен өзіне сенудің үлгісін көріп отыр. Алда — жаңа биік белестер бар!» – деп жазды өңір басшысы әлеуметтік желідегі парақшасында.