Петропавловск
+21°C
Главная страница » Спорт » Петропавлда «Qulager» ХК өз хоккей мектебін ашуда

Петропавлда «Qulager» ХК өз хоккей мектебін ашуда

 

1 маусым күні Петропавл қаласында «Qulager» хоккей клубының хоккей мектебі ашылады. Бұл – өңірлік хоккейдің дамуына тың серпін беретін жаңа кезең және кәсіби клуб базасында жас спортшыларды дайындауға арналған ұзақмерзімді бағдарламаның бастауы болады, деп хабарлайды QZ News.

«Облыс басшылығының қолдауының арқасында біз өңірде хоккейді дамытудың тұрақты моделін құру мүмкіндігіне ие болып отырмыз, – деді клуб директоры Игорь Шерстов. – Хоккей Петропавлда тек түрлі сала мамандарын ғана емес, дарынды балаларды да тартатын орталыққа айналуы керек. Біздің мақсатымыз – клуб айналасына үздіктерді жинап, аудандардағы мектептермен тығыз жұмыс істеу, дамуға жағдай жасау және басты мақсатқа жақындау – «Петропавл хоккейінің түлегі» атты брендті қалыптастыру. Тек мықты мектеп болғанда ғана біз мықты клуб құра аламыз. Бұл клуб үшін мұзда да, одан тыс жерлерде де өз тәрбиеленушілері жанын салып ойнайтын болады».

«Qulager» хоккей мектебінің ашылуы – клубтың 10 жылдығына орай ұйымдастырылып отырған тарихи оқиға. Жаңа мектеп балалар мен жасөспірімдер хоккейін дамытуға бағытталған құрылымдық бөлімше болмақ. Бұл – балабақшалық топтардан бастап кәсіби командаға дейінгі толыққанды вертикалды жүйе құру жолындағы алғашқы қадам.

«Qulager» хоккей мектебіне 2013–2014 және 2015–2016 жылы туған балалардан құралған екі команда енеді. Жас хоккейшілер кәсіби клуб құрылымында ерте жастан бастап жаттығу жасап, жоғары стандарттарға сай білім алып, клубтың жасөспірімдер және негізгі құрам жаттықтырушыларынан тәлім алады.

Қазіргі таңда спортшыларды қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз ету және жазғы жаттығу жиындарын ұйымдастыру мәселелері шешілуде. Келесі кезең – бастапқы дайындық топтарын қалыптастыру.

5–7 жас аралығындағы балаларды қабылдау 2025 жылғы 15 маусым күні сағат 14:00-де А. Винокуров атындағы Спорт сарайының манежінде өтеді. Спорт сарайынан бөлек, мектептің инфрақұрылымын толықтыру мақсатында жаттығу өтетін хоккей модулі де салынып жатыр.

Алғашқы жаттығулар 16 маусымда басталады.

«Qulager» хоккей мектебіндегі сабақтар тегін өткізіледі. Тәрбиеленушілер сапалы инвентарьмен, білікті медициналық қолдаумен, заманауи дайындық бағдарламасымен қамтылады. Бағдарламаға арнайы әзірленген тамақтану тәртібі, күн тәртібі бойынша ұсыныстар, психологтың кеңестері және кәсіби дамуға қажетті өзге де маңызды ақпараттар кіреді.

Қабылдау күні ата-аналар жаттықтырушылар құрамымен кездесіп, жаттығу форматы, оқу бағдарламасы, ұйымдастыру шарттары және балалардың даму жолы туралы толық ақпарат ала алады.

Құжаттар тізімі:

Баланың туу туралы куәлігі

Педиатрдан спортпен айналысуға рұқсат беретін медициналық анықтама

Shares