Петропавлда «Шахмат керуені» турнирінің жеңімпаздары анықталды
Облыс орталығында «Шахмат керуені» турнирінің жеңімпаздары анықталды. Солтүстік Қазақстан облысы – күні кеше Көкшетауда басталған республикалық эстафетаны қабылдап алған екінші өңір, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті Александр Бабенко бұл спорт түрін өңірлерде белсенді дамыту маңызды екенін атап өтті.
«Бүгінде Қазақстандағы шахмат дамудың жаңа деңгейіне көтерілді. Әсіресе Freedom Broker келгеннен кейінгі кезең біз үшін өте жемісті болды. Биыл елімізде үш әлем чемпионатын өткіздік», – деді Бабенко.
Сондай-ақ ҚШФ вице-президенті Александр Бабенко мен федерация өкілдері Петропавлда бизнес қауымдастығымен кездесті. Онда интеллектуалды ойын түрін дамыту стратегиясы талқыланып, солтүстік өңірдің таланттарын қолдау туралы сөз болды.
Петропавлдың орталық алаңында орнатылған мобильді киіз үй ішінде гроссмейстермен ойын және жылдам шахмат турнирі өтті. Турнир қорытындысы бойынша Александр Вьюниченко жеңімпаз деп танылды.
«Керуеннің келуі – қаламыз үшін үлкен оқиға. Мен – шахматта әуесқой ойыншымын. Онымен мектепте айналыстым, кейін жарыстарға қала атынан қатыстым. Ал қазір шахматты жан рахаты үшін ойнаймын», – деді Александр Вьюниченко.
Облыстық кезеңнің жеңімпазы және екі жүлдегер Олег Убыкин мен Диас Данияров 10 қараша күні Түркістанда өтетін гранд-финалда Солтүстік Қазақстан облысы атынан өнер көрсетеді.