Петропавловск
+21°C
Главная страница » Спорт » «Ринг патшасы – 2023»: турнирінің жеңімпаздары белгілі болды

«Ринг патшасы – 2023»: турнирінің жеңімпаздары белгілі болды

Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы 6 жылдан бері Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей және қазақстандық былғары қолғап шеберлерінің басын қосып, “Ринг патшасы” турнирін өткізіп келеді. Бұл – бокс жанкүйерлері арасында ерекше құрметке ие болған бірегей жоба. Ол мыңдаған көрерменді жинайды, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.

Алматы, Астана, Ақтау, Атырау, Шымкент, Қарағанды, Павлодар, Тараз, Көкшетау, Орал, Петропавл және еліміздің басқа да облыстарынан келген, сондай-ақ, Ресей мен Өзбекстандық тәжірибелі боксшылар төрт күн бойы рингте чемпиондық белбеу мен «Ринг патшасы – 2023» атағы үшін бақ таластырды.

Камиль Сафин атындағы бокс мектебінің залында 63 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өткен финалдық кездесуде көкшетаулық боксшы Андрей Спиридонов Ресей Федерациясынан келген Зинат Жандыбаевты ұтты. 69 келі салмақта атыраулық Әнұрбек Бекембаев оралдық Алмас Ысқақовтан басым түсіп, чемпиондық атаққа ие болды. 75 келі салмақта Арыс қаласының тұрғыны Қанат Қарабаев жаңаөзендік Жарас Аташовтан айласын асырды.

«Жеңіл ауыр салмақтағылар» (81 келіге дейін) арасында жаңаөзендік Бақытжан Ысқақов жерлесі Марат Өтегеновке жол берді. 91 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алматылық Хамзат Гелісханов шымкенттік Қасымхан Оспановты айқын басымдықпен жеңді. Абсолюттік салмақта (91 келіден жоғары) үш раундқа созылған тартысты жекпе-жекте қостанайлық Виталий Севастьянов петропавлдық боксшы Андрей Бейсембаевтан жеңісті жұлып алды.

Турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне дипломдар, медальдар мен чемпиондық белбеуден бөлек, ақшалай сертификаттар табысталды.

Shares