Солтүстікқазақстандық Алина Шумекова Оңтүстік Кореяда өтетін IV қысқы Жасөспірімдер Олимпиадасында Қазақстан туын ұстап шығады
IV қысқы Жасөспірімдер Олимпиадасы – ағымдағы жылдағы ең басты спорттық шаралардың бірі. Ол Канвонда қаңтардың 19-ы мен ақпанның 1-і аралығында өтеді. Оңтүстік Кореяда алауы тұтанатын қысқы Жасөспірімдер Олимпиадасының ашылу салтанатында еліміздің Көк Туын ұстап шығатын спортшылар белгілі болды. «Мемлекеттер шеруі» кезінде Қазақстанның байрағын қызылжарлық конькимен жүгіру спортының өкілі Кристина Шумекова мен оралдық шорт-трекші Ерасыл Шыңғысхан ұстап шығады, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Канвон-2024 IV қысқы Жасөспірімдер Олимпиадасы 19 қаңтардадан 1 ақпанға дейін Оңтүстік Кореяның Канвон провинциясында өтеді. Азия құрлығында алғаш рет ұйымдастырылып жатқан Жасөспірімдердің қысқы Олимпиадасына әлемнің 50 елінен 1800 спортшы қатысады. 7 спорт түрінен (15 бағдарлама) 81 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Қазақстан құрамасының 42 спортшысы 5 спорт түрі бойынша бақ сынайды.
Кристина Шумекова мен Ерасыл Шыңғысхан жарыстардағы жоғары жетістіктері үшін ғана емес, сонымен қатар халықаралық аренадағы жеңіске деген жігері үшін таңдалды. Он сегіз жасар Кристина Шумакова конькимен жүгіру спортынан ҚР спорт шебері, өзінің жас санатында Қазақстан Республикасының чемпионы, 2023 жылғы Әлем Кубогының итальяндық кезеңінің күміс жүлдегері.
Он жеті жасар Ерасыл Шыңғысхан шорт-тректен спорт шеберіне кандидат, өзінің жас санатында Қазақстан Республикасының чемпионы, сондай-ақ «Азия балалары-2023» халықаралық жарысының күміс жүлдегері.
«Бұл – мен үшін өте әсерлі сәт. Жасөспірімдердің қысқы Олимпиадасында Қазақстанды таныстыру – абыройлы міндет қана емес, үлкен жауапкершілік. Мен жарыс жолында бар күш-жігерімді салуға уәде беремін. Төрт жылдықтың басты додасына қатысатын әрқайсымыз Олимпиада медалін жеңіп алғымыз келеді және бұл Олимпиада біздің осы мақсатқа жету жолындағы тамаша мүмкіндігіміз», – деп өз әсерімен бөлісті Кристина Шумекова.
Олимпиадаға дайындық штабының басшысы Елсияр Қанағатов Ту ұстаушылардың дұрыс таңдалғанына сенімді екенін жеткізді.
«Кристина мен Ерасыл – біздің мықты әрі ұйымшыл командамыздың жарқын өкілдері. Оңтүстік Кореяға баратын жасөспірімдер құрамасы мүшелерінің бойынан олардың кәсібилігі, ынта-жігері мен спортқа деген адалдығы айқын көрініп тұр. Аталған спортшылар – ел спортының жаңа буыны, біз олардың қысқы Жасөспірімдер Олимпиадасында өнер көрсетуін асыға күтеміз. Сонымен қатар жас спортшылар Ойындарға қатысу арқылы тек тәжірибе жинап қана қоймай, өз шеберліктерін шыңдау жолында құнды сабақ алады»,- деп атап өтті Елсияр Қанағатов.