Солтүстікқазақстандық велошабандоз Алексей Луценко Азия ойындарының чемпионы атанды
Ханчжоуда өтіп жатқан Азия ойындарында Алексей Луценко Қазақстан қоржынына бесінші алтынды әкелді. Ол 39,6 шақырымда жекелей жарыста үздік атанды, деп хабарлайды QZ MEDIA тілшісі.
Велошабандоз Алексей Луценко бұл қашықтықты 48:05,75 уақыт нәтижесімен бағындырды. Туризм және спорт министрлігі атап өткендей, бұл – Қазақстанның Ханчжоудағы Азия ойындарындағы бесінші алтыны. Алексей Луценко 2014 және 2018 жылдардағы Азия ойындарында да чемпионы атанды.
«Солтүстікқазақстандық велошабандоз Алексей Луценко жекелей сында Азия ойындарының чемпионы атанып, еліміздің қоржынына бесінші алтынды әкелді. Айта кету керек, біздің Алексей Азия ойындарының үш дүркін чемпионы атанды. Алда топтық жарыс бар, спортшымызға жеңіс тілеймін!», – деп жазды облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында.