Петропавловск
+21°C
Главная страница » Спорт » СҚО-да “Ұлы дала жорығы” халықаралық бәйге-марафоны басталды

СҚО-да “Ұлы дала жорығы” халықаралық бәйге-марафоны басталды

Солтүстік Қазақстан облысында “Ұлы дала жорығы” атты халықаралық бәйге-марафоны басталды. Бағыт – Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданындағы Ботай елді мекенінен Астанаға дейінгі жол. Оның жалпы ұзындығы – 500 шақырым. Жарысқа 8 шетелдік және 9 қазақстандық команда қатысып жатыр, деп хабарлайды QZ News тілшісі.

“Мұндай жарыста өнер көрсету үлкен мәртебе деп санаймын. Мен Қазақстанға бірінші рет келдім, мені және марафонның басқа қатысушыларын өте жақсы қарсы алды. Жергілікті климатқа бейімделу үшін ерте келдік. Командамыз 4 ай бойы дайындалды, біз жақсы нәтиже көрсетіп, басқа спортшылармен танысқымыз келеді”, – деді “Ұлы дала жорығы” бәйге-марафонына қатысушы ирандық Амин Рахшон.

Бәйге-марафонының ашылу салтанатында “Amanat” партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы, “Amanat” партиясының төрағасы Ерлан Қошановтың құттықтау хатын оқып берді.

“Ұлы даладағы көшпенділер мерекесі осы “Ұлы дала жорығы” байге-марафонынан басталып отыр. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін, ең мықтысы жеңіске жетсін”, – делінген “Amanat” партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев оқыған хатта.

Бұл жорыққа Оңтүстік Африка, Иран, Түркия, Қырғызстан, Қарашай-Шеркеш, Қабардин-Балқар, Татарстан, Мажарстан елінен келген командалар қатысып жатыр. Ел намысын Маңғыстау облысының қос командасы, Жетісу облысы, Алматы қаласы, Жамбыл, Ақмола, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе облысының командалары қорғайды.

“Мемлекет басшысы бұл марафонды рухани дамуға серпін беретін және жастарды патриотизмге баулитын бірегей жоба деп атады. Біздерге жорықтың бүкіл адамзат үшін қасиетті саналатын “Ботай” елді мекенінен басталғаны ерекше маңызды дер едім. Бұл жер отандық археологияның қазығы деп аталады. Ауқымды жарыс біздің ұлттық тарихымыз бен мәдениетімізді халықаралық аренада насихаттауға ықпал ететініне сенімдімін”, – деп атап өтті СҚО әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов.

Халықаралық “Ұлы дала жорығы” шарасын ұйымдастырушылар бұл жолы қазақы тұқымдарға ерекше мән берді. Мысалы, додаға “Адай”, “Найман”, “Көшім”, “Әулие ата”, “Қостанай”, “Жетісу” жылқысының тұқымдары қатысып жатыр.

Атап өтейік, “Ұлы дала жорығы” халықаралық бәйге-марафоны – 8-13 қыркүйекте Астана қаласында өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бастауы. Іс-шараға 89 елден 2000-нан астам спортшы қатысады деп жоспарлануда. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында барлығы 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Shares