Петропавловск
+21°C
Главная страница » Спорт » Уәлиханов ауданында еркін күрестен екі бірдей әлем чемпионатының жеңімпазы Ризабек Айтмұханға құрмет көрсетілді

Уәлиханов ауданында еркін күрестен екі бірдей әлем чемпионатының жеңімпазы Ризабек Айтмұханға құрмет көрсетілді

Жақында ғана Испанияда өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында (U20) 97 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде атой салған Ризабек Айтмұхан туған жеріне келді. Еркін күрестен екі дүркін әлем чемпионының келуіне орай Уәлиханов ауданы Кішкенекөл ауылының мәдениет үйінде салтанатты кездесу өтті, деп хабарлайды QZ News тілшісі.

Аудан әкімі Мұрат Абдулов, спортшының туыстары мен достары, қоғам қайраткерлері, ардагерлер, Ризабек үлгі болатын жас палуандар ел мерейін асырған чемпионды қарсы алуға және құттықтауға келді.

«Бір жыл бұрын Сербия мемлекетінде өткен әлемдік спорттық додада Айтмұхан Ризабек еркін күрестен 92 келі салмақ дәрежесі бойынша Қазақстаннан шыққан тұңғыш Әлем чемпионы атанған еді. Енді биылғы жылы 7 қыркүйек күні Испанияда өткен жарыста 97 келі салмақ дәрежесі бойынша 20 жасқа дейінгі палуандар арасында Әлем чемпионы атанып отыр. Осылайша, Ризабек – қарсыластарын басымдықпен жеңіп, Қазақ елі жастарының мықтылығын күллі әлемге танытты. Көк туымыз желбіреп, Әлем чемпионатында Әнұранымыз шырқалды. Осындай маңызы зор үлкен жеңісті біздің Уәлиханов ауданының тумасы әкелгенін ерекше мақтанышпен айтамыз!»,- деді құттықтау сөзінде Уәлиханов ауданының әкімі Мұрат Абдулов.

Жыл соңына дейін Ризабек Айтмұхан тағы бір әлемдік біріншілікке қатысады. Спортшы 21-27 қазан аралығында Албанияда өтетін жастар арасындағы әлем чемпионатының (U23) жүлдесіне таласады. Палуан оған 20 қыркүйектен дайындала бастайды.

Shares